Абай облысының Көкпекті ауданында үш учаскеде табиғи өртті сөндіру жұмыстары жалғасуда. Өртті жоюға ТЖМ мен жергілікті атқарушы органдардың шамамен 180 адамы мен 26 техникасы жұмылдырылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Сондай-ақ, су төгетін құрылғысы бар ТЖМ «Қазавиақұтқару» тікұшағы өрт сөндіруге тартылды. Авиация 22 түсірілім жасап, 66 тонна су жұмсады.

«Өртті сөндіруге қатты жел, күрделі жер бедері және құрғақ өсімдіктер кедергі келтіруде. Құтқарушылар мен тартылған күштер жекелеген өрт ошақтарын жою жұмыстарын жалғастыруда», — деп хабарлады ТЖМ.

Ведомство мамандардың жағдайды үнемі бақылап, өрттің одан әрі таралуына жол бермеу үшін шаралар қабылдап жатқанын қосты.

«Жағдай ТЖМ бақылауында», — деп атап өтті құтқарушылар.

Ал Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында Жаңатөған ауылының маңындағы табиғи өртті оқшаулау мүмкін болды. Өрт таулы-далалы жерде болған. Оны сөндіруге ТЖМ бөлімшелерінің, жергілікті атқарушы органдардың және ерікті құрамалардың 153 адамы мен 51 техникасы жұмылдырылды.

«Қазіргі уақытта жекелеген түтіндеу ошақтарын жою және аумақты күзету жұмыстары жалғасуда», — деді ТЖМ өкілдері.

Елді мекендерге қауіп жоқ. Өрт толық жойылғанша жұмыстар жалғасады.

Алдыңғы күні төтенше жағдайлар вице-министрі Рамиль Камалов, Қарағанды облысы ТЖД бастығы Марғұлан Аманбаев және облыс әкімінің орынбасары Руслан Кенжебеков аймақта 11 тамыздан бері сөндіріліп жатқан табиғи өрт аумағын әуеден тексерді. Ұшу қорытындысы бойынша күштер мен техника қайта бөлінді.