Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Талғат Бигелдинов

Талғат Жақыпбекұлы Бигелдинов - Авиация генерал-майоры, Кеңес Одағының екі мәрте батыры, «Барыс» орденінің иегері. 1922 жылы 5-тамызда Сарыарқаның кең-байтақ даласында, Ақмола облысының өзен-көлі тасыған, емдік суы атқылаған Майбалық ауылында туған. Ұшақпен көк жүзінде 500 сағат болған. 305 рет әскери шабуылға шығып, жау ұясы – Берлинді алуға бірінші болып қатысты. Фашистер өздеріне аяусыз өлім оғын сепкен Талғат мінген ұшақты «Қара ажал» деп атаған. Майданнан оралған соң, әскери әуе академиясын аяқтайды. Қазақстанның әскери-әуе күштерінде түрлі басқару қызметінде болды. КСРО Жоғарғы Кеңесінің үш мәрте депутаты болып сайланды. 

Бір сұхбатында Талғат Жақыпбекұлы былай дейді: «Біздің штурмовик сексен рет аспанға көтерілген болса, Батыр атағы беріледі. Егер жүз алпыс рет ұрыс салса, Кеңес одағының Батыры атағын екінші рет тағы аласың. Үш жүз отыз рет ұшсаң, үшінші мәрте Батыр боласың. Мен мынау штурмовикпен үш жүз бес рет ұшып, екі геройлықты алып отырмын. Бірақ, үш рет батыр атағы бұйырған ешкім жоқ»

Талғат Бигелдинов аспанға ұшар алдында 101 жасқа келген нағашы апасы (анасының әпкесі) үйреткен дұғаны оқыған екен. «Балам, мен саған бір дұға үйретіп берейін. Күн күркіреп, найзағай ойнағанда осы дұғаны оқып жіберсең, саған жасын тимейді. Туралап келсе де, сені айналып өтеді», - деген екен. Осы дұға Бигелдиновтің қолдаушы, қорғаушысы болған шығар бәлкім.

Сұхбатында былай деп жалғайды: «Жүзге келген апам сол дұғаны маған жаттатты. Бірінші рет самолетке отырар алдында, осы дұға ойыма сарт ете қалды. «Оһ! Маған жасын ойнағанда осы дұғаны оқы деп еді ғой! От пен оқ та бір жасын емес пе!» деп өзімше ойладым да, апам жаттатқан дұғаны оқыдым. «Ләә хаула уә ләә қууата иллә билләәһил ъалийл ъазиим. Машаа алллаһу кәәна уә мәә ләм яша’ ләм укян. Әл-имәәну иқрарун бил-лисаани уә тасдииқун бил қалби, би мәә жәә-а биһи мин ъиндилләәһи. Мухаммадун расулуллаһ саллаллааһу әлайһи уә саллам.» (Қазақша мағынасы: Нағыз күш-қуат ұлы да үстем Аллада. Алла тағала қалаған нәрсесі болады, ал қалмағаны болмайды. Иман – ол Алланың құзырынан Мұхаммедке (с.а.с) келген дінді тілмен айту әрі жүрекпен растау) 

Тағы бір айта кетерлік жәйт Талғат атамыздың ұшағының нөмірі 13 болған екен. Бұған байланысты мысқылдап күлгендер де болған көрінеді. Сұхбатында: «Самолетті тексеріп қайтып келсем, командир ішек-сілесі қатып күледі. «Саған өзі, мына самолетті кім берді?». «Кім бергені қалай? Полк командирі берді де». «Ойбай-ай, ана нөмірін қарашы?» деп сылқ-сылқ күледі. «Нөмірінің несі бар екен? 13. Оның несі күлкілі?!». «Сонда сен 13-нөмірмен соғысқа шығамын  деп тұрсың ба?» дейді ғой. Қайдан білейін, маған «анау, ең соңғы тұрған самолетке отыр» деген. Қарасам, күлсе, күлгендей, самолетімнің «бет-аузының» адам көретіндей емес, оқ тиген жерін жамай берген, жамай берген, құрақ-құрақ, бауыры, оң бүйірі, сол бүйірі, қанат, құйрығының сау жері жоқ, жамау-жамау...»

kuntizbe.kz  сайтынан алынды.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама