Таразда полициядан қашып құтылмақ болған жүргізуші ұсталды. Анықталғандай, ер адам мас күйінде көлікке отырған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
ІІМ ақпараттық медиапорталында жарияланған мәліметке сәйкес, патрульдік полиция қызметкерлері кезекшілік кезінде жол қозғалысы ережесін бұзған Toyota Carina көлігін байқаған. Тоқтау туралы заңды талапқа Тараздың 33 жастағы тұрғыны жауап бермей, қашып құтылмақ болған. Алайда оған қуғыннан құтылу мүмкін болмады — бұзушы ұсталды.
Тексеру барысында жүргізушінің мас күйінде болғаны анықталып, бұл медициналық куәландыру нәтижелерімен расталды. Бұзушының айтуынша, ол жұбайымен ұрысып, ашуланғандықтан полицейлердің талабына бағынбай, қаланың қосалқы көшелерімен қашып құтылмақ болған.
Жүргізушіге қатысты мас күйінде көлік жүргізу және полиция қызметкерінің тоқтау туралы заңды талабын орындамау фактілері бойынша әкімшілік іс қозғалды. Сот шешімімен ол 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылып, 15 тәулікке қамаққа алынды.
Кадрларға қарағанда, жүргізуші әлі тоқтап үлгермеген көліктен секіріп түсіп, жүгіре жөнелген. Оның соңынан полицей қуған.


