Таразда сот ер адамды ортақ бизнеске қатысуды тоқтатқаннан кейін 3,7 млн теңгеден астам төлеуге міндеттеді. Алайда жауапкер өзінің жалдамалы жұмысшы болғанын алға тартты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Жамбыл облысы соттарының ресми Telegram-арнасында хабарланғандай, Тараз қалалық соты жауапкерден ақша өндіріп алу туралы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің (ЖШС) талап арызы бойынша азаматтық істі қарады.

2025 жылдың сәуірінде тараптар автокөлік жөндеу саласындағы бірлескен қызмет туралы шарт жасасты. Талапкер үй-жайды беріп, жұмысқа қажетті құрал-жабдықтарды жалпы құны 7,7 млн теңгеге сатып алып, тапсырды.

Жауапкердің үлесі жүк көліктерін жөндеу жұмыстарын тікелей орындау болды. Қызметтен түскен пайда келесідей бөлінді: талапкер мен жауапкер 40%-дан алды, ал 20% жабдықты жөндеуге және техникалық қызмет көрсетуге жұмсалды.

Алайда кейін жауапкер бір ай бұрын жазбаша хабарлама жібермей, жұмысқа шығуды тоқтатты. ЖШС оны бұзушылықтар туралы бірнеше рет ескертті, кейін шартты бұзу туралы хабарлама жіберді. Жауапкер хабарламаларды алғанын жоққа шығармады.

Сотқа жүгінген компания шартта көзделгендей, сатып алынған мүлік құнының 50% өндіріп алуды талап етті.

Жауапкер талапты мойындамады. Ол жасалған шартты еңбек шарты деп есептегенін түсіндірді. Сонымен қатар келісімге қол қойғанын және пайданың 40% алғанын растады.

Сот анықтағандай, тараптар арасында еңбек шарты жасалмаған, алайда жауапкер бірлескен қызметтен пайда үлесін алған. Шарттың бұзылуы жауапкердің оның талаптарын елеулі түрде бұзуынан болды. Бұл ретте тараптар бастапқыда мұндай бұзудың салдарын ерікті түрде келіскен: шартқа сәйкес жауапкер компания сатып алған мүлік құнының 50% ЖШС-ға төлеуге міндетті.

Сот шешімімен жауапкерден ЖШС пайдасына 3,7 млн теңге, сондай-ақ мемлекеттік баж өндірілді. Шешім заңды күшіне енді.