Жамбыл облысында ер адамның қайтыс болуына байланысты жаңа мән-жайлар анықталды. Тергеу деректері бойынша, оны ұрлап, аяусыз соққыға жыққан. Күдіктіге айып тағылып, оның байланыстары тексерілуде, деп хабарлайды infohub.kz.

Жамбыл облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, сотқа дейінгі тергеу Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің екі бабы бойынша жүргізілуде: «Адамды ұрлау» және «Абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан ауыр дене жарақатын қасақана келтіру».

«Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Басқа адамдардың да бұл оқиғаға қатысы бар-жоғы анықталуда. Қазіргі уақытта істің мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу шаралары жүргізілуде. Тергеу барысы Жамбыл облысы полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында», — деп атап өтті ведомствода.

Бұған дейін қайтыс болған адамның әпкесі ағасының ауруханада жұмыс істегенін айтқан. Оның сөзінше, науқастардың бірінің бұрынғы күйеуі ер адамға қоңырау шалып, балағаттап, ақыры кездесуге шақырған. Әйелдің айтуынша, сол жерде үш жігіт ағасының басына соққы беріп, көліктің багажіне салып кеткен. Кейін жәбірленушіні Аса өзенінің жағасына апарып, аяусыз соққыға жыққан. Содан соң оны өз көлігіне салып, ауруханаға апарып, көшеден тауып алғандарын айтқан. Ер адам есін жимай қайтыс болған.

Сондай-ақ әпкесі полиция алдымен үш күдіктіні ұстағанын, кейін екеуін босатқанын хабарлаған. Жамбыл облысы полиция департаменті тергеу жалғасып жатқанын растады.