Қазақстанда ауыр аурулар мен операциялардан кейін қалпына келтіру тек мамандандырылған орталықтарда ғана емес, сонымен қатар тіркелген жеріңіздегі емханаларда ТМККК және МӘМС аясында да қолжетімді, деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігі. Толығырақ — infohub.kz.
Алматы қалалық №16 емхананың оңалту және қалпына келтіру емдеу орталығының меңгерушісі Нәзерке Ұлдақанованың айтуынша, учаскелік дәрігердің жолдамасы бойынша пациенттер емдік дене шынықтыру, физиотерапия және оңалтудың басқа да әдістерін қамтитын қалпына келтіру емі курсынан өте алады. Бағдарлама әр пациенттің диагнозына, денсаулық жағдайына және қажеттіліктеріне қарай жеке таңдалады. Басты мақсат – адамға жоғалтқан функцияларын қалпына келтіруге, қозғалғыштығын қайтаруға, дербестігін арттыруға және өмір сүру сапасын жақсартуға көмектесу.
Қазақстанда медициналық оңалту кезең-кезеңмен жүзеге асырылады: бірінші кезең – аурудың өткір кезеңінде (72 сағатқа дейін), ота жасау және жарақаттар кезінде (стационар деңгейінде); екінші кезең – аурудан немесе жарақаттан кейін қалпына келу кезеңінде (алғашқы алты ай ішінде) және аурудың қалдық белгілері кезеңінде; үшінші кезең – амбулаториялық-емханалық ұйымдарда, күндізгі және тәулік бойы стационарларда, оңалту орталықтарында, санаторлық-курорттық ұйымдарда жүргізіледі.
Ұлдақанова 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Алматыда медициналық оңалту курсынан 11 555 пациент өткенін атап өтті. Оның ішінде 5 412 адам оңалтудың екінші кезеңінде, 6 143 адам үшінші кезеңінде көмек алған. «Егер сіз немесе сіздің жақындарыңыз қалпына келтіру еміне мұқтаж болса, учаскелік дәрігерге хабарласып, медициналық оңалтудың сізге көрсетілген-көрсетілмегенін және оны қалай өтуге болатынын біліңіз», – деп ескертті дәрігер.
Бұған дейін «Курсив» Денсаулық сақтау министрлігі балалар медициналық көмегінің жаңа – гибридті моделін әзірлеп жатқанын жазған. Ол педиатрлар мен жалпы тәжірибелік дәрігерлердің жұмысын біріктіреді, ал педиатриялық учаскелер сақталады деп жоспарлануда.


