Ресейлік арнайы киім және қорғаныс құралдарын өндіруші «Техноавиа» компаниясы Семейде арнайы аяқ киім шығаратын фабрика іске қосты. Бұл — компанияның Қазақстан аумағындағы алғашқы аяқ киім филиалы, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Жаңа өндіріс 2023 жылдан бері Семейде тігін фабрикасын басқарып келе жатқан «Техноавиа – Казахстан» компаниясының қуатын кеңейтті. Аяқ киім кәсіпорнында 30-дан астам жұмыс орны ашылды. Алдағы уақытта инвестор қосымша жабдық сатып алып, алаңды ұлғайтып, өндіріс көлемін арттырмақ.

Компанияның тігін бөлімшесі өнеркәсіп және медицина салаларына арналған арнайы киім шығарады. Оның жобалық қуаты жылына 160 мың бұйымды құрайды, өнімнің 85%-ы экспортқа кетеді. 2025 жылы фабрика 135 171 бұйым шығарды, ал штатында 152 адам жұмыс істейді.

2026 жылы «Техноавиа – Казахстан» ҚР отандық тауар өндірушілер тізіліміне енді. Аяқ киім фабрикасын іске қосумен қатар компания Семейде фирмалық дүкен ашып, өңірдің алты ірі кәсіпорнымен — «Бақыршық тау-кен кәсіпорнымен», Qazaq-Astyq Group, Eurasia Agro Semey, «Эйкос», KondiZ distribution және «Силикат» — ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

«2023 жылы Семейде арнайы киім өндіретін фабрика іске қосқан болатынбыз. Енді өндіріс ауқымын кеңейтіп, арнайы аяқ киім фабрикасын ашып отырмыз. Айта кету керек, бұл — компаниямыздың Қазақстандағы арнайы аяқ киім өндіретін алғашқы филиалы. Оның дәл Абай облысында, Семейде ашылуы біз үшін ерекше маңызды. Жобаларымызды жүзеге асыруға жан-жақты қолдау көрсеткен облыс басшылығына алғыс білдіремін», – деді «Техноавиа – Казахстан» бас директоры Жанат Амиренов.

Абай облысының әкімі Берік Уәли жергілікті бизнесті қазақстандық фабрикалардан өнімді белсенді сатып алуға және шетелден ұқсас тауарларға тапсырыс бермей, өңір ішінде өндірістік кооперацияны дамытуға шақырды.

Жобаның артында кім тұр

«Техноавиа» тобы 1992 жылы Мәскеуде тіркелген, осы уақыт ішінде ол Ресейде арнайы киім өндіру саласындағы ең ірі компаниялардың біріне айналды. Ресейде құрылым 10 тігін және бір аяқ киім фабрикасын басқарып, жылына 5,5-6 млн-нан астам тігін бұйымын және 1,15-1,2 млн жұптан астам арнайы аяқ киім шығарады.

Ашық тізілімдердегі деректерге сәйкес, ресейлік топтың да, қазақстандық компанияның да бенефициарлары ретінде Ресейден келген үш кәсіпкер әрекет етеді:

Андрей Попов – «Фирма «Техноавиа» бас компаниясының бас директоры және негізгі құрылтайшыларының бірі (топтың түсімі ондаған миллиард рубльмен есептеледі). Оған холдингке қатысты компаниялардың (фабрикалар мен сауда үйлерінің) үлестері тиесілі.

Александра Конорова – топтың бірнеше компаниясының, соның ішінде мәскеулік «Техноавиа» фирмасының тең құрылтайшысы.

Галина Маслова – «Техноавиа» орбитасындағы жиырмаға жуық компанияның құрылтайшысы, бас құрылым мен оның өңірлік филиалдарының капиталына қатысады.

«Техноавиа – Казахстан» қазақстандық бөлімшесін Жанат Амренов басқарады. Ол сондай-ақ жергілікті компанияның төрт тең иесінің бірі.

Бұған дейін «Курсив» ресейлік азамат пен экс-депутаттың ұлының компаниясы алтын өндіруге 1,2 млрд теңге жұмсайтынын жазған болатын.