«Астана — Қарағанды» трассасында бір көліктің дөңгелегі жарылуынан үш бөлек жол-көлік оқиғасы болды. Оқиғаның мән-жайын Қарағанды облысы полиция департаментінде ашып айтты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Трассадағы жаппай апат туралы ақпарат әуелі әлеуметтік желілерде тарады: оқиға орнынан түсірілген кадрларды жергілікті пабликтер жариялады. Кейін болған жайтқа Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі түсініктеме берді.
Полицейлердің түсіндіруінше, 22 қараша күні сағат 18:30 шамасында «Астана — Қарағанды» автожолының 185-шақырымында, Теміртау маңында, Қарағанды бағытында үш бөлек жол-көлік оқиғасы тіркелген.
«Алдын ала деректерге сәйкес, оқиғаларға Теміртау жағынан келе жатқан Kia K5 көлігіндегі төтенше жағдай себеп болды. Каршоссе көпірі маңында көліктің алдыңғы дөңгелегі жарылған. Соның салдарынан артынан келе жатқан көліктердің жүргізушілері кенет тежеуге мәжбүр болып, Changan, Toyota, Jetour, Haval және Hyundai көліктері қатысқан үш бөлек соқтығысуға әкеп соқты», — деді тәртіп сақшылары.
ЖКО салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Барлық факті бойынша қажетті тексеру жүргізіліп, болған жайттың мән-жайы анықталуда.
«Полиция жүргізушілерге еске салады: қозғалыс қарқынды кезде қауіпсіз арақашықтықты сақтау, жылдамдықты жол жағдайы мен көліктің техникалық жай-күйіне қарай таңдау ерекше маңызды. Кенет маневр мен тежеуден аулақ болып, жолға шығар алдында көліктің ақаусыздығын алдын ала тексеру қажет. Осы қарапайым ережелерді сақтау апаттық жағдайлардың алдын алуға, жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығын сақтауға көмектеседі», — деп жол берді ведомстводағылар автокөлік жүргізушілеріне.
Жарияланған бейнежазбада әдепсіз сөздер бар екені атап өтілді.


