Қазақстан Премьер-лигасының 21-турында қостанайлық «Тобыл» өз алаңында қызылордалық «Қайсарды» 3:2 есебімен тізе бүктірді, деп хабарлайды infohub.kz.
Қостанайдағы Орталық стадионда өткен кездесу голға бай болды. Бірінші таймның ортасында-ақ алаң иелері екі доп айырмашылығымен алға шықты. Есепті «Тобылдың» беларусьтік қорғаушысы Максим Мякиш ашты, содан кейін қазақстандық қорғаушы Александр Марочкин басымдықты еселеді. Екі голға да ұлттық құраманың бұрынғы капитаны Асхат Тағыберген ассистенттік пас берді.
Қонақтар берілмеді, Қазақстан құрамасының шабуылшысы Алияр Мұхаммед дубль жасап, есепті теңестірді. Алайда «Тобылға» жеңісті сербиялық шабуылшы Урош Милованович әкелді, ол «Қайсардың» қақпасына үшінші голды соқты.
Осы ойыннан кейін қостанайлықтар 28 ұпай жинап, турнир кестесінде жетінші орында тұр. «Қайсар» 20 ұпаймен 13-сатыда.


