Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровты ел тәуелсіздігінің 35 жылдығымен құттықтап, жеделхат жолдады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Мемлекет басшысы құттықтауында бұл мерейлі күн қырғыз халқының бостандық, егемендік пен тәуелсіздікке деген ұмтылысын білдіретінін атап өтті. Осы жылдар ішінде Қырғызстан қалыптасудан тұрақты дамуға дейінгі жолды лайықты өтіп, мемлекеттілігін нығайтты, бай рухани мұрасын сақтап, халықаралық аренада беделді мемлекетке айналды. Бұған айқын дәлел — Қырғыз Республикасының БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне 2027-2028 жылдарға тұрақты емес мүше болып сайлануы.

Құттықтауда елдерімізді ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан достық пен тату көршілік дәстүрлеріне негізделген шынайы бауырлас қарым-қатынастар байланыстыратыны атап көрсетілген. Қасым-Жомарт Тоқаев екі халықтың игілігі үшін стратегиялық әріптестік пен одақтастықтың одан әрі қарқынды нығаятынына сенім білдірді.

Қазақстан Президенті Садыр Жапаровқа жауапты мемлекеттік қызметінде табыс тілеп, бауырлас қырғыз халқына береке мен бақыт тіледі.