Қазақстанның бірнеше атом электр станциясын салу туралы шешімі электр энергиясына деген қарқынды өсіп келе жатқан қажеттіліктен туындап отыр. Бұл қажеттілік жасанды интеллекттің дамуына байланысты одан әрі артып келеді. Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев AI Journey 2026 халықаралық жасанды интеллект конференциясында сөйлеген сөзінде мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Мемлекет басшысының пікірінше, жасанды интеллекттің жедел енуі есептеу қуаттарына деген сұраныстың артуымен қатар жүреді, бұл энергия жүйелеріне түсетін жүктемені сөзсіз ұлғайтады.
«Халықаралық энергетика агенттігінің болжамы бойынша, 2030 жылға қарай әлемде деректерді өңдеу орталықтарының электр энергиясын тұтынуы 950 млрд киловатт-сағатқа жетуі мүмкін — бұл 2024 жылғы деңгейден екі еседен астам артық. Осы жағдайда энергетикалық ресурстардың қолжетімділігі, электр желілерінің сенімділігі және оларды пайдалану тиімділігі технологиялық бәсекеге қабілеттіліктің басты факторына айналып отыр. Сондықтан Қазақстанда бірнеше атом электр станциясын салу туралы стратегиялық маңызы зор шешім қабылданды. Бірінші «Балқаш» станциясын біз Ресеймен серіктестікте, «Росатом» корпорациясының жетекші рөлімен салып жатырмыз», — деді мемлекет басшысы.
Президент көлік-логистика саласындағы бірлескен жұмыстың да стратегиялық маңызға ие болғанын атап өтті.
«Омбыдағы өңіраралық ынтымақтастық форумында тасымалдау мен көлік инфрақұрылымын басқаруды жетілдіруге бағытталған Smart Cargo және AI Jol атты қазақстандық цифрлық жобалар таныстырылды. Қазан айында екі ел арасында электрондық көлік жүкқұжатын пайдалана отырып, пилоттық автомобиль тасымалы жүзеге асырылды. Яғни көлік байланыстарын одан әрі цифрландыру үшін жеткілікті берік негіз қаланды. Енді ұлттық ақпараттық жүйелердің үйлесімділігін қамтамасыз етіп, мұндай инновациялық шешімдерді практикада кеңінен қолдануды кеңейту маңызды. Бұл оңай міндет емес, бірақ екі тарап та ниет білдірсе, шешуге болады. Болашақта Қазақстан мен Ресей арасында толыққанды цифрлық көлік дәлізін қалыптастыру туралы сөз қозғалуы мүмкін. Бүгін стендте екі ел арасындағы жүк тасымалының болашақ өзара іс-қимылының бейнесі ұсынылды — әрине, перспективасы зор. Табиғаттың өзі берген даусыз артықшылықтарды ескерсек, біз көлік-логистика саласындағы үрдістің заң шығарушысына айнала алар едік», — деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.


