Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үшінші Ауыл шаруашылығы қызметкерлері форумында сөйлеген сөзінде елдің өрлеу мен гүлдену дәуіріне қадам басқанын мәлімдеп, ауқымды құрылыс жоспарларына жан-жақты тоқталды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

«Шынында да, еліміз адал еңбек етіп, ісіне жауапкершілікпен қарайтын адамдардың арқасында өрлеу мен гүлдену дәуіріне қадам басты. Біз — жасампаз әрі ілгерішіл ұлтпыз. Біз әрдайым алға қарап, ел болашағы үшін биік мақсаттар қоямыз. Мемлекет басшысы ретінде осы ұмтылыстарға адал болуды өзімнің қасиетті парызым санаймын. Оның айқын дәлелі — жақында Жолдауымда жариялаған «Халық құрылысы» бағдарламасы», — деді Президент форумда.

Мемлекет басшысы осылайша құтты қазақ даласында ауқымды құрылысқа бастама берілгенін атап өтті. Оның айтуынша, алдағы құрылыс ауқымы жағынан шынымен де айтарлықтай зор әрі бірегей.

«Барлық өңірде емханалар, ауруханалар, балабақшалар, мектептер, мәдениет және спорт нысандары, яғни азаматтарымыздың өмір сүру сапасын арттыратын әлеуметтік инфрақұрылымның маңызды нысандары салынады. Сапалы жолдар жүргізіліп, атом, су және жылу электр станциялары, сондай-ақ деректерді өңдеу орталықтары (ДӨО) салынады», — деп нақтылады Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент осылайша Қазақстанның бейнесі мен экономиканың құрылымы айтарлықтай өзгеретініне сенімді.

««Халық құрылысы» халқымыздың қолдауына ие болып, ел дамуына жаңа мүмкіндіктер ашатын жобаға айналады. Өнеркәсіп кәсіпорындары мен отандық кәсіпкерлер жалпыұлттық жобаға белсенді қатысады. Жаңа жұмыс орындары ашылып, азаматтардың табысы артып, өмір сүру сапасы жақсарады. Сайып келгенде, «Халық құрылысының» әсерін әрбір қазақстандық, әсіресе өсіп келе жатқан ұрпақ сезінеді. Сондықтан «Құрылыс сал, тағы да құрылыс сал!» деген патриоттық ұранмен бүкіл қоғамның игілігі үшін ортақ күшпен Әділетті Қазақстанды құрамыз. Бұған мен берік сенімдімін», — деп қосты Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық құрылысы» деген атаудың өзі оның басты идеясын білдіретінін атап өтті: ол халық игілігі жолында басталып, барлық азаматты бір жасампаз серпінге жұмылдырады.

«Бұл — болашақ ұрпақтың игілігіне бағытталған шынайы жалпыұлттық міндет. Тез өзгеріп жатқан тұрақсыз әлемнің сын-қатерлеріне біздің лайықты жауабымыз: «Құрылыс сал, тағы да құрылыс сал!». Жақындап келе жатқан геосаяси және экономикалық белгісіздік жағдайында бұл — мемлекетіміздің, елдегі барлық азаматтың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ең орынды, ұтымды жолы деп сенемін», — деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, осы мазмұнды бағдарлама аясында ауылдық елді мекендерге, фермерлік қожалықтарға және агроөнеркәсіп кешенінің өзге нысандарына қажетті инфрақұрылым құрылады.