Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордаға келген бельгиялықтар королі Филипп пен королева Матильдамен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.

Мемлекет басшысы Бельгия королі мен королевасының Қазақстанға және Орталық Азияға жасаған тарихтағы тұңғыш мемлекеттік сапарын құшақ жая қарсы алды.

«Осы шынымен де тарихи оқиғаға орай Сіздерді қарсы алу мен үшін үлкен құрмет әрі екі мемлекет арасындағы мызғымас достықты атап өту мәртебесі. Ұлы Мәртебелі король Филипп, Бельгияға адал қызмет етуіңізге терең тәнті екенімді білдіргім келеді. Сіздің билік құрған кезеңіңізде Бельгия корольдігі табысты дамып, әлемдік аренадағы лайықты орнын нығайта түсуде. Халқыңызға деген адалдығыңыз бен Бельгияның түрлі қауымдастықтары арасындағы өзара түсіністікті нығайту жолындағы тынымсыз еңбегіңіз Тәжінің біріктіруші рөлін айқындайды», — деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ «кәсіпкерлікті, білім мен инновацияны дамытуға көпжылдық берілгендікке» тәнті болды.

«Король отбасының бельгиялық бизнеске көрсетіп келе жатқан тұрақты қолдауы терең құрмет пен ризашылыққа лайық. Ұлы Мәртебелі королева Матильда! Сіздің қатысуыңыз осы сапарға ерекше жылулық пен мән береді. Балаларды қорғау, білім беру және адам қадір-қасиеті мәселелеріне деген жанашырлығыңыз бен парасаттылығыңыз терең тәнті етеді. Бұл асыл мақсаттар азаматтарымыздың жүрегінен жылы жауап табады», — деп атап өтті мемлекет басшысы.