Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік кеден ұйымының Бас хатшысы Иэн Сондерспен кездесу өткізді, деп хабарлайды infohub.kz.
Кездесу барысында тараптар кедендік әкімшілендіруді жетілдіру, кедендік рәсімдерге цифрлық технологияларды енгізу, сондай-ақ Орталық Азияның көлік-логистикалық әлеуетін нығайту мәселелерін талқылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Еуразиядағы көлік байланыстарын нығайту және жүк транзиті үшін қолайлы жағдайлар жасау жұмысын жалғастырып жатқанын атап өтті. Осы бағыттағы негізгі басымдықтардың бірі — «ақылды шекара» моделін дамыту. Оны іске асыру үшін республика кедендік операцияларды оңтайландыруға және жеделдетуге мүмкіндік беретін цифрлық шешімдерді енгізуде.
Иэн Сондерс Қазақстанның осы саладағы жетістіктеріне жоғары баға берді. Ол заманауи цифрлық технологиялардың енгізілуін, кедендік әкімшілендірудің жақсарғанын және тиісті ведомстволардың институционалдық әлеуетінің артқанын атап өтті.
Тараптар Қазақстан мен Дүниежүзілік кеден ұйымы арасындағы 30 жылдан астам уақыт бойы дамып келе жатқан ынтымақтастықты жалғастыру ниетін растады. Сонымен қатар, Тоқаев пен Сондерс әлемдік саудадағы жаңа үрдістер мен сын-қатерлер туралы пікір алмасты. Сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту және Орталық Азияның көлік-логистикалық әлеуетін одан әрі дамыту мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.


