Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауы барысында экономикалық құқықбұзушылықтарды одан әрі декриминализациялау жөнінде шара қолдануды тапсырды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Мемлекет басшысы экономикалық баптар бойынша қылмыстық қудалау аясына түсіп жатқан кәсіпкерлерден өтініш-хаттар түсуін жалғастырып жатқанын атап өтті. «Сондықтан экономикалық құқықбұзушылықтарды одан әрі декриминализациялау жөнінде шара қолдану қажет», — деді Қазақстан Президенті.
Ол кәсіпкерлерге, әсіресе шағын және орта бизнеске тең мүмкіндіктер жасауды және адал бәсекеге жол ашуды қамтамасыз ету керегін қосты. Президенттің айтуынша, кейбір жағдайларда бұл талап сақталмайды.
«Мысалы, импорттық тауарлардың құны жасанды түрде төмендетіліп отыр. Ал отандық өнімнің ішкі нарыққа қолжетімділігі мақсатты түрде шектеледі. Ашығын айтқанда, бұл — сыбайлас жемқорлық. Сондықтан мұндай күмәнді тәжірибелер тоқтатылуға тиіс», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ол мұндай жағдай қазақстандық компаниялар мен өнімнің бәсекеге қабілеттілігін айтарлықтай әлсірететінін атап өтті. «Мұндай әрекеттерді қатаң тоқтатпасақ, бұл экономикамызға зиян келтіретіні анық. Басқаша айтқанда, бизнесті қорғау — ұлттық экономиканың тәуелсіздігін нығайту деген сөз. Сондай-ақ бизнеске заңсыз кедергі жасау — мемлекетке қарсы қылмыс екенін айта кеткен артық болмас», — деді мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, кәсіпкерлерді қолдау тетіктерін жетілдіру, яғни нығайту қажет. Бұл жұмыс салалық қауымдастықтар аясында да жүргізілуі мүмкін.


