Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Малайзия, Грузия және Бруней-Даруссаламдағы Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшілерін тағайындау туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Президенттің баспасөз қызметінің Telegram-арнасында мәлім болғандай, Мәлік Мырзалин Қазақстан Республикасының Малайзиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалды. Бұл ретте ол Грузиядағы елші қызметінен босатылды.

Елшіліктің дерегінше, Мәлік Мырзалин 1971 жылы 31 қазанда Ақтөбеде дүниеге келген. 1996 жылы Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын бітірген. Еңбек жолын Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшілігінде бастаған. Әр жылдары Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігінде, Президент істері басқармасында, Қазақстан Республикасының Дін істері агенттігінде қызмет еткен. Ақмола облысының әкімі болған. Қазақстанның Грузиядағы елшісі болып тағайындалғанға дейін Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары қызметін атқарған.

Оның орнына Қазақстанның Грузиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып Талғат Адуов тағайындалды. Тиісті жарлыққа қол қойылды.

Оның өмірбаянында 1976 жылы 20 наурызда дүниеге келгені жазылған. Мармара Түрік мемлекеттік университетін «экономика» мамандығы бойынша бітірген. Сыртқы істер министрлігінің түрлі комитеттері мен департаменттерінде, Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігінде жұмыс істеген.

Сондай-ақ «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, Премьер-Министр Кеңсесі басшысының орынбасары, «Отандастар» қоры» КеАҚ бірінші вице-президенті қызметтерін атқарған.

Сонымен қатар мемлекет басшысының жарлығымен Болат Сүгірбаев Қазақстанды Малайзияда бұдан былай өкілдемейді. Ол қоса атқарушы ретінде елдің Бруней-Даруссаламдағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалды.