Мемлекет басшысының резиденциясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Иордания королі Абдалла II бен әл-Хусейннің келіссөздері өтті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Кездесу барысында Тоқаев Иордания королі Абдалла II-нің Қазақстанға ресми сапарын екі ел арасындағы достықтың, өзара құрмет пен ынтымақтастықтың берік негізін дәлелдейтін оқиға деп бағалады.
«Иордания — араб әлеміндегі уақыт сынынан өткен сенімді серіктесіміз. Соңғы жылдары ынтымақтастығымыз жаңа серпін алды. Біз әртүрлі деңгейде жалғасып отырған берік саяси диалогымызды жоғары бағалаймыз. Өткен жыл екіжақты қатынастарда ерекше белес болды, өйткені жоғары деңгейде өзара сапарлар өтті. Келіссөздер қорытындысы бойынша қабылданған бірлескен мәлімдеме, сондай-ақ министрліктеріміз, ведомстволарымыз және іскер топтар өкілдері қол қойған көптеген құжат әрқырлы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал етті», — деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан өзара мүдделі барлық салада қол жеткізілген уағдаластықтарды іс жүзінде жүзеге асыруға үлкен мән беретінін атап өтті. Оның айтуынша, экономикалық ықпалдастық қазақ-иордания қатынастарының негізгі қозғаушы күштерінің бірі болып қала береді.
Президент сонымен қатар академиялық және ғылыми байланыстарды нығайту, өзара туристік ағынды ұлғайту арқылы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтуге зор әлеует бар екенін атап өтті.
Тоқаев бөлек тоқталып, екі елдің халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді шешуге деген ұстанымдарының жақындығын айтты және Иордания королінің достық байланыстарды нығайтуға, екі мемлекет халқын жақындастыруға қосқан үлесін жоғары бағалады.
«Сіздің көреген басшылығыңызбен Иордания парасат пен ұстамдылықтың маңызды дауысы, сондай-ақ Таяу Шығыста және одан тыс жерлерде бейбітшілік пен тұрақтылықтың дәйекті жақтаушысы ретінде кең халықаралық мойындауға ие болды. Осыған байланысты Қазақстан Сіз он жылдан астам бұрын бастамашыл болған Ақаба үдерісін жоғары бағалайды. Орталық Азияда осындай форматтағы алғашқы кездесуді бірлесіп ұйымдастыру біз үшін зор құрмет. Сессия тақырыбы — жасанды интеллект саласындағы қауіпсіздік — бүгінде аса өзекті болып отыр. Саммит Орталық Азия өңірінің көзқарасын таныстыруға мүмкіндік беріп, бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі бірлескен күш-жігерімізге жаңа серпін беретініне сенімдімін», — деді Президент.
Иордания королі Абдалла II бен әл-Хусейн Қасым-Жомарт Тоқаевқа жылы қабылдағаны үшін алғыс айтып, Қазақстан мен Иорданияны көпжылдық қатынастар, өзара құрмет және бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту ісіне ортақ берілгендік байланыстыратынын атап өтті.
«Сіз атап өткендей, өткен жылы болған сапарлар алмасуы екіжақты қатынастарды дамытуға маңызды серпін берді. Біз қол жеткізілген уағдаластықтарды одан әрі жүзеге асырып, сауда, инвестиция, туризм, технология және қорғаныс сияқты негізгі бағыттар бойынша ынтымақтастықты кеңейтуді ниет етеміз», — деді Иордания королі.
Абдалла II король Ақаба үдерісі аясындағы кездесулердің жаңа раундын бірлесіп ұйымдастырғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа шынайы ризашылығын білдірді. Оның айтуынша, бұл екі елдің қауіпсіздік саласындағы өңірлік және жаһандық сын-қатерлерді шешуге ортақ берілгендігін дәлелдейді.
Осы тұрғыда Иордания королі Қазақстанмен өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл саласындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге мүдделі екенін растады.


