Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстанда өткен Каспий экологиялық саммитінде сөз сөйлеп, қатысушыларға Каспий теңізінің мәселелерін шешу үшін бірнеше негізгі бағытқа назар аударуды ұсынды. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Сөз сөйлеу барысында мемлекет басшысы экологиялық қауіптерді уақтылы анықтап, жою үшін келісілген ғылыми тәсіл қажет екенін айтты.
«Каспий жағалауындағы мемлекеттерде айтарлықтай көлемде деректер, ғылыми зерттеулер мен бақылаулар бар. Алайда тиімділікті арттыру үшін олар біртұтас жүйе ретінде жұмыс істеуі керек. 2024 жылы Қазақстанда Каспий теңізінің ғылыми-зерттеу институты құрылды. Оның әлеуетін барлық Каспий жағалауындағы елдердің ғылыми орталықтарымен бірлесіп, кешенді зерттеулер жүргізу және ортақ бейімделу сценарийлерін әзірлеу үшін пайдалануға болады», — деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ Каспий экожүйесін басқаруға заманауи технологияларды енгізудің өзектілігіне назар аударды.
«Су ресурстарының жай-күйі, жағалау сызығының өзгеруі, биоалуантүрлілік, ластану, өзен ағыны және басқа да негізгі параметрлер туралы деректерді өңдеу мен талдау үшін ортақ цифрлық платформа құру мүмкіндігін қарастыру ұсынылады. Спутниктік технологиялар, жасанды интеллект, заманауи болжау жүйелері нақты уақыт режимінде мониторинг жүргізуге, экологиялық тәуекелдерді уақтылы анықтап, жоюға мүмкіндік береді. Мұндай платформа біздің ғалымдарымыздың, бейінді мемлекеттік органдардың және халықаралық ұйымдардың жұмысы үшін ортақ цифрлық негіз бола алады», — деп есептейді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске салайық, бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстандағы экологиялық саммитте сөз сөйлеп, Каспий теңізінің негізгі мәселелері туралы айтты.


