Қазақстан Шығанақ мемлекеттерінің азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы сенімді серіктесі болуға ниетті. Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Оман сұлтаны Хайсам бен Тарик Әл Саидтың мемлекеттік сапары аясында Астанада өткен қазақстан-оман бизнес-форумында мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығындағы ынтымақтастықты кеңейтуге шақырып, Қазақстанның ұзақ мерзімді серіктестікке мүмкіндіктері мол екенін атап өтті.

«Ауыл шаруашылығы алқаптары кең елім ұзақ мерзімді азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде бүкіл Шығанақ аймағы үшін сенімді серіктес болуға дайын», — деді Президент.

Тоқаев тағы бір перспективалы бағыт ретінде көлік пен логистиканы атады. Оның айтуынша, Қазақстан Оманды географиялық орналасуы, дамыған порт инфрақұрылымы және Таяу Шығыс пен Африка нарықтарына шығуы арқасында маңызды транзиттік серіктес ретінде қарастырады.

Қазақстан өз кезегінде мол табиғи ресурстарға, дамыған өнеркәсіптік базаға ие және Азия мен Еуропа арасындағы қалыптасып келе жатқан көлік бағыттарында орналасқан. Президент сондай-ақ елдің көлік байланыстарын дамыту жөнінде нақты жоспарлары бар екенін атап өтті.

Энергетика мен тау-кен өнеркәсібінде Қазақстан мен Оман көпжылдық ынтымақтастық тәжірибесіне ие. Тоқаев екі елдің мүмкіндіктерін жаңа бірлескен кәсіпорындар құруға пайдалануды ұсынды.

Форумда Президент «Самұрық-Қазына» АҚ мен Оманның Инвестициялар басқармасы арасында бірлескен инвестициялық құрылым құру туралы келісімге қол қойылуын құптады.

«Бұл маңызды бастама қаржыландыруды жұмылдыруға және қосымша инвестициялар тартуға мүмкіндік береді», — деді Тоқаев.

Ол сондай-ақ жақында құрылған Оман халықаралық қаржы орталығымен ынтымақтастық әлеуетін көріп отыр. Оның айтуынша, екі елдің қаржы институттары арасындағы тікелей байланыстар өзара инвестициялар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

Сауда-экономикалық қатынастарды дамыту үшін Президент өзара инвестицияларды қорғау туралы шарттың маңыздылығын атап өтті. Құжат инвесторларға жобаларды іске асыру үшін неғұрлым болжамды, ашық және сенімді жағдайларды қамтамасыз етуге бағытталған.

Кәсіпкерлер арасында тікелей байланыс орнатуға Қазақстан-Оман іскерлік кеңесі көмектеседі. Тоқаев оны бизнес үшін практикалық алаң деп атады.

Мемлекет басшысының айтуынша, жоғары деңгейдегі келіссөздер сенім атмосферасында өтіп, мазмұнды болды. Енді басты міндет — қол жеткізілген уағдаластықтарды нақты жобалармен толықтыру.

«Қазақстан мен Оман кәсіпкерлерін серіктестік байланыстар орнату, перспективалы жобаларды әзірлеу және өзара инвестицияларды кеңейту үшін Іскерлік кеңестің мүмкіндіктерін толық пайдалануға шақырамын», — деді Президент.

Форумға екі елдің жетекші компаниялары мен іскер топтарының өкілдері қатысты. Сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Ренат Бектұров, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов және Оманның Инвестициялар басқармасының президенті Абдулсалам бен Мұхаммед Әл-Муршиди сөз сөйледі.

Бұған дейін «Курсив» Қазақстан мен Оман көшбасшыларының Астанадағы ауқымды келіссөздері туралы жазған болатын.