Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Конституциялық сотының судьясы Бақыт Маратұлы Нұрмұхановты Конституциялық сот төрағасының орынбасары қызметіне тағайындау туралы жарлыққа қол қойды. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
«Мемлекет басшысының жарлығымен ҚР Конституциялық сотының судьясы Нұрмұханов Бақыт Маратұлы Қазақстан Республикасы Конституциялық соты төрағасының орынбасары болып тағайындалды», — делінген Ақорда хабарламасында.
Конституциялық соттың деректеріне сәйкес, Бақыт Нұрмұханов 1979 жылы 13 мамырда дүниеге келген. Ол Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті заң факультетінің қылмыстық құқық және қылмыстық процесс кафедрасының оқытушысы болып бастады.
2003–2006 жылдары Қазақстан Республикасы Конституциялық кеңесі аппаратының құқықтық сараптама бөлімінде құқықтық бөлімнің кеңесшісі, құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің бас сарапшысы, бас сарапшы, бас кеңесші, сондай-ақ талдау жұмысы секторының меңгерушісі қызметтерін атқарды.
Сонымен қатар Конституциялық кеңес төрағасының кеңесшісі (2006–2011), құқықтық сараптама бөлімінің меңгерушісі (2011–2017) және Конституциялық кеңес аппаратының жетекшісі (2017–2022) лауазымдарында болды.
2008–2022 жылдары Еуропа Кеңесінің Құқық арқылы демократия жөніндегі Еуропалық комиссиясының (Венеция комиссиясы) байланыс жөніндегі офицері қызметін қоса атқарды. Конституциялық соттың судьясы болып 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап тағайындалған.
Еске салайық, 18 қыркүйекте Эльвира Әзімова Конституциялық сот төрағасы болып қайта тағайындалған болатын — тиісті жарлыққа президент қол қойған.


