Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасының Премьер-министрі Хан Сон Сукпен кездесіп, оны жақында тағайындалуымен құттықтап, жаңа қызметінде табыс тіледі, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Мемлекет басшысы екі ел арасындағы қарым-қатынастың стратегиялық әріптестік аясында дамып келе жатқанын атап өтті.

«Қазақ-корей қатынастары қазіргі таңда тұрақты дамып келеді. Стратегиялық әріптестігіміз аясында өзара тиімді негізде көптеген маңызды бастама жүзеге асырылуда. Сіздердің еліңіз Қазақстанның жетекші сауда және инвестициялық әріптестерінің ондығына кіреді. Елімізде корей капиталы қатысқан мыңнан астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Алайда алда әлі де жауапты міндеттер тұр. Сондықтан бір команда ретінде бірлескен күш-жігермен барлық жоспарланған жоспарды сәтті жүзеге асыратынымызға сенімдімін», – деді Президент.

Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан Оңтүстік Кореямен ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүдделі.

Мемлекет басшысы елімізде қолайлы іскерлік және инвестициялық ахуал қалыптасқанын да атап өтті.

«Ірі корей корпорацияларымен қатар, шағын және орта кәсіпорындар үшін де бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасалды. Қазақстан мен Корея үкіметтері осы бағытта қажетті шаралар қолданып келеді. Атап айтқанда, сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссия мен Іскерлік кеңес тиімді жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар қажетті құқықтық база құрылды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент екі ел арасындағы қолданыстағы ынтымақтастық тетіктерінің бірлескен жобаларды жүзеге асырудағы рөлін атап өтті.

Бұған дейін Оңтүстік Корея Қазақстандағы әуежайларды салып, жаңарта алатыны хабарланған. Сондай-ақ Lotte Group Алматыда өз брендімен алғашқы қонақүй салып, Alatau City дамуына қатысатыны белгілі болды. Компания Қазақстанның тамақ өнеркәсібі мен логистикасында да жұмысын жалғастырады.