Астанада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Лаос Президенті Тхонглун Сисулит кездесу өткізді. Тараптар тар құрамда екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады, деп хабарлайды infohub.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев құрметті қонақты қарсы алып, Лаос басшысының Қазақстанға алғашқы сапарын тарихи оқиға деп атады. Ол биыл елдер арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 30 жыл толатынын айтып, байланыстардың достық сипатын атап өтті.

«Біз халықаралық аренада, ең алдымен, Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында тығыз ынтымақтасамыз. Сонымен қатар, Лаос тарапының ӨААШ аясындағы бастамаларымызды қолдағаны үшін шынайы алғысымды білдіргім келеді. Мырза Президент, бұл сіздің елімізге алғашқы сапарыңыз. Осы сапар аяқталғаннан кейін үкіметтеріміз қол жеткізілген уағдаластықтарды белсенді түрде жүзеге асыра бастайды деп сенемін», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президентінің айтуынша, Лаос — Оңтүстік-Шығыс Азиядағы маңызды әрі сенімді серіктес. Ол сондай-ақ Лаос экономикасының соңғы жылдары, әсіресе энергетика, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және туризм салаларында тұрақты өсіп келе жатқанын атап өтті.

Өз кезегінде Тхонглун Сисулит Қазақстанға сапарға шақырғаны үшін алғыс білдірді. Ол: «Осы сапар барысында мен Қазақстанның қаншалықты жан-жақты дамып жатқанын, сіздің басшылығыңызбен қандай ауқымды реформалар жүргізіліп жатқанын өз көзіммен көрдім. Мен үшін ел Президенті ретінде Қазақстанға бұл ресми сапарды жасап, бүгін сізбен кездесу үлкен мәртебе. Менің сапарым екіжақты қарым-қатынастарды нығайтуға елеулі үлес қосады деп шын жүректен сенемін. Келіссөздер барысында біз кең ауқымды мәселелерді талқылап, ынтымақтастық пен бірлескен жұмыстың перспективалы бағыттарын айқындай аламыз деп сенемін», — деді.