Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде болған қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына қайғыра көңіл айтып, аталған жағдайды тергеу жөнінде тапсырмалар берді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ақорданың Telegram-арнасында мәлім болғандай, Мемлекет басшысы Үкіметтік комиссияға болған оқиғаның мән-жайын анықтау және қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсету үшін барлық қажетті шараларды қолдануды тапсырды.

Қайғылы оқиға бүгін, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында болды. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери-теңіз күштері оқу-жауынгерлік міндеттерін орындау барысында Каспий теңізінің жағалауында ауа райының күрт нашарлауы мен желдің күшеюіне байланысты әскери қызметшілерді теңізге ағызып әкетті.

Қорғаныс министрлігінің алдын ала мәліметінше, теңізге 19 әскери қызметші ағызылып кеткен. Қазіргі таңда 9 әскери қызметшінің қаза тапқаны тіркелді.

Бас прокуратура Ақтау гарнизонындағы оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеліп жатқанын хабарлады.

Ақтаулық блогер Азамат Сарсенбаев Маңғыстау облысындағы төтенше жағдай орнынан бейнежазба жариялады.

Әскери қызметшілер қаза тапқаннан кейін Үкіметтік комиссия құрылып, оқиға орнына Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жіберілді.