Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев республиканың қорғаныс министрі болып тағайындалған Айдос Мырзахметовті қабылдады. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.

Ақорданың мәліметінше, әңгіме барысында Мемлекет басшысы елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға, Қарулы күштердің жауынгерлік әзірлігін арттыруға және әскери басқару жүйесін жетілдіруге қатысты нақты тапсырмалар берді.

«Мемлекет басшысы әскери қызмет қауіпсіздігіне ерекше назар аударды. Президент әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтау барлық деңгейдегі қолбасшылық үшін сөзсіз басымдық болуы керектігін атап өтті», — делінген хабарламада.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіби даярлық сапасын арттыру, әскери инфрақұрылымды дамыту, қару-жарақ пен техниканы жаңғырту, сондай-ақ заманауи технологиялар мен цифрлық шешімдерді енгізу міндеттерін қойды.

Президент армиядағы тәрбие жұмысын күшейту қажеттігін бөлек атап өтіп, әскери қызметшілердің жауапкершілігін, тәртібін және Отанға деген адалдығын қалыптастыруға назар аудару керектігін айтты. Сондай-ақ әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерін әлеуметтік қолдау мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.

Сол күні Қазақстанның қорғаныс ведомствосы басшылығында кадрлық өзгерістер болғаны белгілі болды: Дәурен Қосанов қорғаныс министрі қызметінен босатылып, оның орнына Айдос Мырзахметов тағайындалды. Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстауда әскери қызметшілердің қаза табуынан кейін Қазақстан Қорғаныс министрлігіндегі істердің жай-күйін кешенді тексеру жөніндегі комиссия құру туралы өкімге қол қойған болатын.

Еске салайық, 24 қыркүйекте оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде ауа райының кенеттен нашарлауы мен екпінді желдің салдарынан Каспий теңізіне 17 әскери қызметші ағызылып кетті, олардың 14-і қаза тапты. Үшеуі құтқарылып, біреуі ауруханаға жатқызылды. Қарсаңында облыстық денсаулық сақтау басқармасы пациент Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасына жеткізілгенін, оның жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланғанын хабарлады. Аман қалғандардың қатарында Атырау облысынан 19 жастағы Бекет Қуандық және Батыс Қазақстан облысынан Никита Удалов бар.