Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін елге мемлекеттік сапармен келген Оман сұлтаны Хайсам бен Тариқ әл-Саидті елорда әуежайында қарсы алды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ақорданың мәліметінше, Қазақстан шекарасынан өткен сәттен бастап елорда әуежайына келгенге дейін Оман сұлтанының ұшағын Қазақстан Әскери-әуе күштерінің истребительдері алып жүрді. Ұшу алаңында құрметті қарауыл мен президенттік оркестр сапқа тұрғызылды.
Ақорданың ақпараты бойынша, әуежайдың келу залында екі мемлекет басшылары арасында қысқаша әңгіме болды. Қасым-Жомарт Тоқаев Оман сұлтанының сапарын құптай отырып, оның екіжақты қатынастарды дамытудағы тарихи маңызын атап өтті.
«Оман экономикалық дамуда айтарлықтай жетістіктерге жеткен табысты мемлекет ретінде, сондай-ақ халықаралық делдал ретінде өте белсенді және сындарлы рөл атқаратын ел ретінде кеңінен танымал. Сіздің еліңіз өз аймағында ғана емес, оның шегінен тыс жерлерде де, соның ішінде Қазақстанда да лайықты беделге ие. Біздің елдер арасындағы серіктестіктің мол әлеуеті бар екеніне сенімдімін, оны толық ашу және тиімді іске асыру қажет», — деді Қазақстан Президенті.
Оман сұлтаны Хайсам бен Тариқ әл-Саид Қасым-Жомарт Тоқаевқа жылы қабылдағаны үшін алғыс айтып, алдағы келіссөздер мазмұнды әрі табысты болатынына сенім білдірді.
Сапар бағдарламасында жоғары деңгейдегі келіссөздер, бірқатар маңызды құжаттарға қол қою, сондай-ақ мемлекет басшыларының қазақ-оман бизнес-форумына қатысуы қарастырылған.
Бұған дейін 5–6 қазанда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Оман сұлтаны Хайсам бен Тариқ әл-Саидтің мемлекеттік сапармен келетіні хабарланған болатын.
Мемлекеттік күзет қызметі Астанада бірқатар халықаралық саяси іс-шаралар өткізілуіне байланысты 5–6 қазанда елорда көшелерінің кейбір учаскелерінде көлік қозғалысына уақытша шектеулер енгізілетінін ескерткен еді.


