Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚР Қауіпсіздік кеңесі аппаратының кейбір мәселелері және ҚР президентінің кейбір актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жарлыққа қол қойды. Құжат Қауіпсіздік кеңесі мен оның аппараты туралы ережелерді бекітіп, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасарының өкілеттік шеңберін айқындайды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жарлыққа сәйкес, Қауіпсіздік кеңесі мен оның аппаратының міндеттері ретінде жаһандық қауіп-қатерлер мен сын-тегеуріндерді, сондай-ақ ішкі ахуалдың өзекті тұстарын жан-жақты талдау белгіленді.
Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасарының өкілеттік шеңберіне Қауіпсіздік кеңесі төрағасының актілері мен тапсырмаларының, Қауіпсіздік кеңесі шешімдерінің, оның ішінде жедел кеңестерде қабылданғандарының сөзсіз және толық орындалуын бақылауды ұйымдастыру, ұлттық қауіпсіздікті, елдің қорғаныс қабілетін, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласындағы іс-шараларды іске асыру бойынша мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметін үйлестіру кіреді.
«Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары ақпараттық және киберқауіпсіздік, оның ішінде жасанды интеллектіні пайдалану мәселелерімен, дербес деректерді қорғаумен, сыбайлас жемқорлық пен экономикалық қылмысқа қарсы іс-қимылмен, азаматтық қорғаныспен де айналысады. Сонымен қатар Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары жоғарыда аталған шараларды іске асыру бойынша мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметін үйлестіріп, халықаралық өзара іс-қимылды жүзеге асырады. Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Қауіпсіздік кеңесі аппаратының қызметін де үйлестіреді», — деп қосты Ақордада.
Қауіпсіздік кеңесінің аппараты дербес мемлекеттік орган ретінде мемлекет басшысына тікелей бағынады және оған есеп береді. Қауіпсіздік кеңесі аппаратының қызметі ұлттық қауіпсіздік саласындағы тәуекелдерді бақылауды күшейтіп жетілдіруге, мемлекеттік басқарудың тұрақтылығын қамтамасыз етуге, институционалдық қолдауға және Қауіпсіздік кеңесі төрағасының және Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің шешімдерін орындауға бағытталған.
Аталған міндеттерді іске асыру Қазақстан Республикасының егемендігі мен тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығын, халықаралық аренадағы ұлттық мүдделерін және конституциялық құрылыс негіздерін қорғауды күшейтуге бағытталғаны атап өтілді.
Еске салайық, 29 тамызда Қазақстанда Қауіпсіздік кеңесінің аппараты құрылған болатын. Ал 31 тамызда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жарлыққа қол қойып, Аида Балаеваны елдің Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары қызметіне тағайындады.


