Ержан Саденов Қазақстан ішкі істер министрі қызметін сақтап қалды. Тиісті жарлыққа президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ақорданың ресми хабарламасында: «Мемлекет басшысының Жарлығымен Саденов Ержан Сапарбекұлы Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі болып тағайындалды» делінген.
ҚР ІІМ ресми сайтының мәліметінше, Ержан Саденов 1993 жылы С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін, ал 1998 жылы ҚР ҰҚК Қарағанды жоғары мектебін бітірген.
1993-2009 жылдары Шығыс Қазақстан облысының ішкі істер бөлімшелерінде аға жедел уәкілден бастап аумақтық департамент басқармасының бастығына дейін қызмет атқарған.
2009-2022 жылдары көліктегі ішкі істер департаменттерінің, сондай-ақ Маңғыстау, Ақмола облыстары және Нұр-Сұлтан қаласының бастығы және бастығының орынбасары қызметтерін атқарған.
2022-2023 жылдары ҚР ішкі істер министрінің орынбасары болып жұмыс істеген, ал 2023 жылдың қыркүйегінен бастап Қазақстан Республикасының ішкі істер министрі қызметін атқарып келеді.
Еске сала кетейік, Дәурен Қосанов Қазақстан қорғаныс министрі қызметін де сақтап қалды, ал Мұхтар Тілеуберді қайтадан сыртқы істер министрі болып тағайындалды.


