Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпақ үшін қолайлы және қауіпсіз орта құру қажеттігін айтты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жиын барысында мемлекет басшысы үкіметтің 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерде тіркелуіне заң жүзінде тыйым салу туралы бастамасын қолдады. «Бұл тақырыпқа мен жақында өткен Тамыз конференциясында егжей-тегжейлі тоқталдым. Мұндай шараларды көптеген елдер қабылдап жатыр. Мен бұл бастаманы қолдаймын. Бұл мәселе басым тәртіппен қаралуы керек деп санаймын», — деп атап өтті Тоқаев.
Президент заң жобасын қабылдау кезінде оны іске асырудың барлық тетіктерін алдын ала пысықтау қажеттігін, нормативтік актілер қағаз жүзінде қалмауы керектігін айтты. «Сонымен қатар, энергетика саласының технологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуге және баламалы энергия көздерін дамытуға бағытталған заң жобаларын қарауды жеделдету маңызды. Онлайн-платформалар мен бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін реттейтін заңдарға да ерекше назар аудару керек. Азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін ақпараттық кеңістікте қорғау үшін қосымша шаралар қабылдау қажет», — деп қосты президент.


