Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында сөз сөйлеп, ТМД-ның құрылуы посткеңестік кеңістікте жалпыжаһандық қақтығыстан сақтап қалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Отырысқа қатысушыларды құттықтай отырып, мемлекет басшысы Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовке саммитті мұқият ойластырып ұйымдастырғаны үшін және дәстүрлі жылы қонақжайлығы үшін алғыс білдірді.

«Қазақстан Түрікменстанның төрағалық қорытындыларын және оның ТМД-ның ортақ күн тәртібін ілгерілетуге қосқан салмақты үлесін жоғары бағалайды. Осыған байланысты, құрметті әріптес, Сізге осындай жоғары кәсіби жұмысыңыз үшін алғыс айтқым келеді. Ағымдағы саммит Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының 35 жылдығы қарсаңында өтіп жатыр. Біздің еліміз Ұйымның бастауында тұрғанын білесіздер. 1991 жылы Алматы декларациясына қол қойылуы мемлекеттеріміз тарихындағы шынымен тағдыршешті сәт болды. ТМД-ның құрылуы посткеңестік деп аталатын кеңістікте жалпыжаһандық қақтығыстан сақтап қалды. ТМД-ның біріктіруші миссиясы елдеріміздің тәуелсіздік алу кезеңінде ерекше айқын көрінді деп айтсақ, артық болмас. Центрден тепкіш үдерістердің шиеленісуі жағдайында біз тарихи байланыстарды сақтап қалдық, мемлекетаралық өзара іс-қимылдың түбегейлі жаңа форматын құрдық. Өткен жылдар ішінде Достастық сенім мен ынтымақтастықты нығайтудың тиімді көпжақты тетігі ретінде орнықты, әлемде кеңінен мойындалды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент ТМД-ның басты байлығы – халықтарымыздың достығы, ортақ мәдени және рухани мұрасы екенін атап өтті.

«Көз алдымызда халықаралық қатынастардың жаңа архитектурасы қалыптасып, жаһандық экономикалық байланыстар жүйесі бұзылып, технологиялық бәсеке шиеленісіп, белгісіздік пен болжамсыздық күшейіп келеді. Осы жағдайда әр мемлекеттің мүддесін ескере отырып, келісілген шешімдер табуға мүмкіндік беретін тікелей және сенімді диалог аса маңызды мәнге ие болып отыр. Достастықтың тұрақты сұранысқа ие болуы дәл осымен түсіндіріледі деп сенемін. Мерейтойлық жылы Декларацияда қаланған қағидаттарға жүгініп, өткен жолды пайымдап, болашақ міндеттерді айқындауды ұсынамын. Қараша айында Алматыда ҚСЗИ аясында осы тарихи құжаттың 35 жылдығына арналған халықаралық конференция өтеді. ТМД мемлекеттерінің ғалымдарын, құқықтанушыларын, тарихшылары мен сарапшыларын конференция жұмысына белсенді қатысуға шақырамыз», – деді ол.