Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттер ұйымының (ТМҰ) 13-ші саммитінде сөз сөйлеп, ұйымды одан әрі дамытудың басым бағыттарын белгіледі, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Мемлекет басшысының баспасөз қызметінің Telegram-арнасы Ақордаға сілтеме жасап хабарлағандай, Қасым-Жомарт Тоқаев ең алдымен Түркі мемлекеттер ұйымының институционалдық құрылымын нығайту қажеттігін атап өтті.
«Соңғы жылдары ТМҰ қызмет аясы айтарлықтай кеңейіп, 60 түрлі бағытты қамтып отыр. Сонымен қатар кейбір функциялардың бірін-бірі қайталайтыны анық байқалады. Осыны негізге ала отырып, біз бірлескен жұмыстың басты бағыттарын айқындауымыз керек. Жалпы алғанда, алдымызда тұрған міндеттер мен басымдықтарды жүйелеу қажет. Бұдан бөлек, ұйымымыз аясында жоғары деңгейде қол қойылған шарттардың ережелерін бұзуға жол берілмейтінін атап өткім келеді. Сондай-ақ ТМҰ жанынан Тұрақты өкілдер кеңесін құру қажеттігін тағы да айтуды маңызды деп санаймын. Биылғы мамырда Түркістанда өткен жоғары деңгейдегі кездесуде Түркі мемлекеттер ұйымы әскери альянс емес және болашақта оған айналмауы керек екенін мәлімдегенмін. Бұл — Қазақстанның ұстанымы», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сөзін қорытындылай келе, мемлекет басшысы «Береке — бірлікте, ырыс — ынтымақта» деген қазақ мақалын еске салып, ортақ мақсаттарға жету үшін күш-жігерді біріктірудің маңыздылығын атап өтті.
«Бүгінгі кездесу ТМҰ қызметіне жаңа серпін беріп, өзара ықпалдастығымызды одан әрі нығайтуға ықпал ететініне сенімдімін. Осы орайда ұйымға былтырдан бері төрағалық етіп келе жатқан Әзірбайжанның оның беделін арттыруға қосқан баға жетпес үлесін ерекше атап өткім келеді. Әзірбайжан тарапына алғыс білдіремін. Енді төрағалық Түркияға көшеді. Алдағы кезеңде ұйым аясында жаңа бастамалар жүзеге асатынына сенімдімін. Атқарған жұмысы үшін мырза Қубанычбек Өмүралиевке алғыс айтып, жаңа Бас хатшы Мирвохид Азимовқа табыс тілеймін. Саммитті жоғары деңгейде өткізгені үшін Түрік Республикасының Президентіне тағы да алғыс білдіремін. Түркі халықтарының бірлігі нығая берсін», — деп түйіндеді Қазақстан Президенті.


