Қазақстанда «Трамадол Ланнахер» дәрілік препаратының 100 және 150 мг дозаларындағы тіркеу куәліктерін кері қайтару туралы шешім қабылданды. Тиісті бұйрыққа ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Джусипов қол қойды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Құжатқа сәйкес, «Трамадол Ланнахер, ретард таблеткалар, пленкалы қабықпен қапталған, 100 мг, 150 мг» дәрілік препаратының ЛП-№011908-РГ-KZ және ЛП-№011907-РГ-KZ нөмірлерімен тіркеу куәліктері кері қайтарылуға жатады. Тіркеу куәлігінің иесі — ресейлік «Бауш Хелс» ЖШС компаниясы.

Комитеттің аумақтық бөлімшелеріне бір күн ішінде облыстар мен қалалардың барлық жергілікті денсаулық сақтау басқармаларын, сондай-ақ басқа да мемлекеттік органдарды тіркеудің кері қайтарылғаны туралы хабардар ету тапсырылды. Бұйрықтың орындалуын бақылау комитет төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелді.

Lada.kz атап өткендей, тіркеудің кері қайтарылуы «Трамадолдың» қазақстандық дәріханалар сөрелерінен толық жоғалуын білдірмейді. Мәселе тек нақты жеткізушінің «Трамадол Ланнахер» препаратының 100 және 150 мг дозалары туралы болып отыр. Құрамында трамадол бар басқа дәрілік препараттар ел дәріханаларында қолжетімді болады.

Комитетте тіркеу куәліктерінің кері қайтарылуы препараттардың сапа, тиімділік немесе қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты емес екенін атап өтті.

Бұған дейін «Курсив» «Трамадол» тек арнайы лицензиясы бар дәріханаларда дәрігердің рецепті бойынша ғана сатылатынын хабарлаған. Бұл психотропты анальгетикті рецептсіз сатқаны үшін фармацевттер мен медицина қызметкерлеріне 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.