АҚШ президенті Дональд Трамп Ресейге оба ауруымен күресуге көмектесуге дайын екенін мәлімдеді. Бұл туралы Clash Report жазды. Алайда ресейлік билік «оба» диагнозын растаған жоқ, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

«Олардың осындай жағдайға тап болғанына қатты өкінемін. Бұл ауыр ауру. Білесіздер ме, бұрын біз онымен күресе алатынбыз, бірақ қалайша бұл микробтар күшейіп, ақылды болып кетті, дәл нағыз армия сияқты. Бұрын пневмонияға көмектескен нәрсе енді онша тиімді емес. Сондықтан біз көмектесеміз. Осындай мәселеге тап болған кез келген адамға біз әрқашан көмектесуге дайынбыз. Біз Ресейге көмектесеміз», — деді Трамп.

Ол қандай нақты көмек шараларын айтқаны белгісіз.

Бұған дейін «Курсив» жазғандай, оба індетінің ықтимал өршуі туралы қауесет Иркутск ғылыми-зерттеу обаға қарсы институтының 28 жастағы қызметкері Дарья Шипилованың қайтыс болуынан кейін пайда болды. Әлеуметтік желілер мен БАҚ-та ол ауру қоздырғышы салынған пробирканы сындырып алған болуы мүмкін деген нұсқа тарады.

Ресейдің тұтынушылар құқығын қорғау және адам саулығын санитарлық-эпидемиологиялық бақылау федералдық қызметі (Роспотребнадзор) бұл нұсқаны растаған жоқ. Ресми деректер бойынша, қызметкерге этиологиясы анықталмаған пневмония диагнозы қойылған. Зерттеулер оның кәсіби қызметіне байланысты микроорганизмдерді анықтаған жоқ, сондай-ақ институтта патогендермен жұмыс кезінде апаттар тіркелмеген.

Қызметкермен байланыста болған 200-ге жуық адам медициналық бақылауда. Иркутск облысы әкімінің айтуынша, оларда аса қауіпті инфекция белгілері табылмаған.

Кремль ресми ақпаратқа сүйенуге шақырды.

«Осы салада құзыретті бас ведомство — Роспотребнадзор. Әртүрлі қауесеттер мен әңгімелерге құлақ аспай, дәл сол Роспотребнадзордың ресми мәлімдемелеріне сүйену керек», — деді Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков 5 қазандағы брифингте.

Қауесет Қазақстанда да тарады. Дезинформацияға қарсы күрес орталығы Алматыдағы Масғұт Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығындағы өртті Ресейдегі оба туралы қауесеттермен байланыстыру әрекеттері туралы ескертті. Өрт 21 қыркүйекте болған. Орталық бұл оқиғаларды байланыстыру әрекеттерін манипулятивті деп атады.