Қазақстан президентінің пулындағы журналист Әділ Балтабаев Дональд Трамптың өз қарамағындағы қызметкерге түнгі қоңырау шалғанын, сол кезде АҚШ көшбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа сәлем жолдағанын айтты, деп хабарлайды infohub.kz.
Алдыңғы күні Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Өкілдер палатасының бюджет және салық комитетінің төрағасы Джейсон Смитпен, сондай-ақ конгрессмендер Грег Мерфи, Кэрол Миллер, Ронни Джексон, Уэсли Белл және Эдвард Кейспен кездесті. Бұл кездесуге БАҚ өкілі ретінде қатысқан Әділ Балтабаев Смиттің Дональд Трамптың қоңырауы туралы айтқан сөзін келтірді. Оның айтуынша, Ақ үйдің басшысы оған түнгі екіде қоңырау шалып, "Қасым-Жомарт Тоқаевқа сәлем жолдауды" өтінген.
"Бүгін түнгі екіде маған президент Дональд Трамп қоңырау шалды. Мен оған бірнеше сағаттан кейін Сізбен кездесетінімді айттым. Ол Сізге ең жылы тілегін жеткізуді өтінді және Сіздер арасында қалыптасқан сенімді әрі сындарлы қарым-қатынасқа ризашылығын білдірді", — деп Смиттің сөзін келтірді журналист.
Конгрессменнің айтуынша, Трамп Қасым-Жомарт Тоқаевты Майамидегі G20 саммитінде күтетінін де жеткізген.


