АҚШ Президенті Дональд Трамп жасанды интеллекттің қарқынды дамуын тоқтата тұру туралы ұсынысқа қарсы шықты. Бұл ұсынысты бұған дейін Anthropic компаниясының басшысы Дарио Амедей жасаған болатын. Америка көшбасшысының айтуынша, мұндай бастамалардың артында «тәуекелдерді асыра көрсетіп, болуы екіталай сценарийлерді көтеріп отырған өте жағымсыз күштер» тұр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Трамп АҚШ қажет болған жағдайда жасанды интеллект саласында жұмыс істейтін компанияларға белгілі бір шектеулер енгізе алатынын атап өтті. Алайда оның пікірінше, технологияны сынаушылар «болмайтын нәрселер туралы айтып отыр».
«Біз жасанды интеллект саласында Қытайдан озып келеміз. Біз әлемдегі ең озық елміз және шынымды айтсам, осылай қалуын қалаймын, өйткені жасанды интеллект жарысында кім жеңсе, түбінде сол жеңеді», — деді АҚШ Президенті.
Еске салайық, бұған дейін Claude чат-ботын әзірлеуші Anthropic компаниясының басшысы Дарио Амедей неғұрлым қуатты жасанды интеллект модельдерінің қарқынды дамуын тоқтата тұруға шақырған еді. Оның ұстанымын SpaceX негізін қалаушы Илон Маск пен OpenAI бас директоры Сэм Альтман қолдады. Маск, атап айтқанда, 2014 жылы жасанды интеллект «ядролық қарудан да қауіпті» болуы мүмкін деп айтқанын мәлімдеді.


