
Pixabay
- 14 сәу. 2025 09:27
- 54
Бердалы Ораз Ғабитұлы
Түпсана – үміттің тамыры, болашаққа сенімнің бастауы
Адам жаны – терең мұхит іспетті. Оның бетінде сана тұрса, тереңінде түпсана жатады. Түпсана – біздің ойымызға, әрекетімізге, тіпті тағдырымызға әсер ететін көзге көрінбейтін күш. Бұл бейсаналық қабатта қорқыныш та, арман да, сенім де, күдік те сақталады. Ең қызығы – адам болашағына сеніп, үмітпен өмір сүргісі келсе, алдымен түпсанасын тәрбиелеуі керек.
Бүгінгі күнде көптеген жастар мотивация іздеп, түрлі кітаптар оқып, видеолар қарайды. Бірақ нәтиже көрмегенде, үміті үзіледі. Себебі олар сананы өзгертуге тырысады, ал мәселенің тамыры – түпсанада жатыр. Егер түпсанада “менің қолымнан келмейді”, “болашақ бұлыңғыр” деген теріс бағдарлар болса, адам не істесе де, ілгері баспайды.
Түпсана – адамның ішкі “бағдарламасы”. Оны қайта жазуға болады. Бұл – үміт отын қайта жағу деген сөз. Армандарыңа сену, жақсыны күту, болашаққа сеніммен қарау – бұлар тек сөз емес, түпсананы қайта баптаудың құралдары. Күн сайын “менің болашағым жарқын”, “менің арманым орындалады” деген сенімді сөздерді қайталау, визуализация әдістерін қолдану, позитив ойлау түпсананы жаңартады. Бұл – мотивацияның ішкі, нағыз қуаты.
Болашаққа сену – адамның табиғи қасиеті. Бірақ кейде өмірдің ауыртпалығы оны тұмшалап тастайды. Осындай сәттерде түпсанаға оралу, өзіңе сенім артуды үйрену – үмітті қайта жандырудың жолы.
Сенің ішкі даусың саған “сен мықтысың” десе, сен тоқтамайсың. Ал егер ішкі дауысың әлсіз болса, сыртқы мотивация ұзаққа бармайды. Сол себепті, болашақта биік белестерді бағындырғысы келген әр адам өз түпсанасымен “дос” болуы керек.