«Отбасы банкі» басқарма төрағасының орынбасары Жансұлтан Матай Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте мемлекеттен тұрғын үй алу кезегінде тұрғандармен жүргізіліп жатқан жұмыс туралы айтты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Жансұлтан Матай 2026 жылы «Отбасы банкіне» әкімдіктердегі кезекте тұрғандарға тұрғын үй бөлу функциясы берілгенін еске салды.

«Бүгінгі таңда 10 мыңнан астам кредит және 19 мыңнан астам жалдамалы тұрғын үй берілді. Осылайша, 29 мыңнан астам адам тұрғын үй алғандықтан, кезектен шығарылды. Сондай-ақ соңғы бір жылда кезекті түгендеу аясында 64 894 адам кезектен шығарылды. Олардың қатарында мемлекеттік қолдау шараларын алғандар да бар», — деді ол.

Оның дерегінше, «Отбасы банкіне» кезекте тұрған адамдар туралы мәліметтерді олардың келісімінсіз өзектендіруге рұқсат берілгендіктен, бұл жұмыс күшейтіледі.

«Біздің пайымдауымызша, олардың 30–40%-ы шынымен тұрғын үйге мұқтаж емес. Өткен жылдың қазан айынан бастап кезекте тұрған адамдарға тұрғын үй алу үшін базадағы өздері туралы мәліметтерді жаңарту, яғни түгендеуден өту қажеттігін айтып келеміз. Алайда адамдардың жартысынан көбі бұған асықпайды. Бұл нені көрсетеді? Деректерді өңдеуге келісім бермегендердің кезекте тұруға негізі жоқ болуы әбден мүмкін. Бұрын біз бұл жұмысты белсенді жүргізе алмадық, себебі дербес деректерді өңдеуге келісім қажет еді. Қазір Ұлттық даму институты ретінде бізге адамның келісімінсіз түгендеу жүргізуге рұқсат берілді. Бұл жұмысты жалғастырамыз. Осындайларды анықтайтын боламыз, оларға қатысты тиісті шаралар қабылданады», — деді ол.

Оның дерегінше, әкімдіктер тұрғын үй кезегінде тұрған 642 мың адамның тізімін тапсырған.

Бұған дейін бір жылда Қазақстанда 30 мыңға жуық кезекте тұрған адамға тұрғын үй бөлінгенін хабарлаған болатынбыз. Ал 14 қыркүйектен бастап тұрғын үй кезегі жаңа ережелер бойынша жұмыс істей бастады.