Алматы облысының Қарасай ауданында құтқарушылар бір күнде бірнеше іздеу-құтқару операциясын жүргізді. Оқиғалар кеше болды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

ТЖМ Telegram-арнасында хабарланғандай, туристердің бірі Үлкен Алматы шыңы ауданына барып, кейін байланысқа шықпай қойған. Оны іздеуге «Барыс» РЖС құтқарушылары аттанды.

«Құтқарушылар Аю-Сай және Проходное шатқалдарын, сондай-ақ Терра алаңы мен Алешкин көпірін тексерді. Туристі Проходное шатқалындағы сарқыраманың жанынан тапты. Оған медициналық көмек қажет болмады. Құтқарушылар оны төмен түсіріп, Алматы қалалық ТЖД қызметкерлеріне тапсырды», — деді ведомствода.

Іздеу бағытынан қайтып келе жатқанда тағы бір туристің Космостанция ауданында аяғын жарақаттағаны туралы хабарлама келіп түсті. Құтқарушылар оқиға орнына бағытталды. Олар зардап шеккенге алғашқы көмек көрсетіп, төмен түсіріп, Апаттар медицинасы орталығының бригадасына тапсырды.

Сондай-ақ, ТЖМ дерегінше, Сатпаев шыңында — 3300 метр биіктікте болған екі жас жігіт көмек сұраған. Олардың бірі қатты бас айналу мен жүрек айнуын сезініп, өздігінен қозғала алмаған.

«Алматы қаласының мониторинг және жедел әрекет ету орталығының құтқарушылары жігіттерді экологиялық бекетке дейін түсіріп, қажетті медициналық көмек көрсету үшін ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлеріне тапсырды», — деп қосты министрлік.

Құтқарушылар тауға барар алдында маршрутты алдын ала жоспарлап, қараңғы түскенге дейін қайту уақытын есептеп, ауа райы болжамын қадағалап, жақындарыңызға жоспарларыңызды міндетті түрде хабарлауды ескертеді.