Анкарадан Шанлыурфаға ұшып бара жатқан AJet әуекомпаниясының жолаушылар ұшағының бортында жарылғыш зат туралы жазба табылды. Бұл туралы Шанлыурфа облысының әкімі Хасан Шылдак мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Әкімнің дерегінше, №4180 рейс 5 қазанда жергілікті уақытпен сағат 19:00-де Анкарадан ұшып, 20:05-те Шанлыурфадағы GAP әуежайына қонды. Бортта 136 жолаушы мен жеті экипаж мүшесі болған. Жазба табылған соң билік адамдарды қауіпсіз түсіру және ұшақты тексеру үшін дереу шара қолданды.

«Ұшақтағы жолаушылар мен экипаж мүшелерін қауіпсіз эвакуациялау үшін барлық шара қабылданды», — деді Хасан Шылдак.

Жергілікті БАҚ хабарлауынша, жолаушылар мен экипаж мүшелері эвакуацияланды, бортты қауіпсіздік қызметтерінің мамандары тексеріп жатыр. Қолжетімді хабарламаларда жарылғыш зат іздеу нәтижелері әзірге жоқ.

Еске салайық, 30 қыркүйекте Дубайдан Тель-Авивке ұшқан flydubai FZ1073 рейсінде екінші ұшқыш капитанға шабуыл жасап, ұшақ басқаруын басып алуға тырысқан. Бортта 170-тен астам жолаушы мен экипаж мүшесі болған.

Жолаушылар мен экипаж мүшелері шабуылдаушыны залалсыздандырды. Бортта болған резервтік ұшқыш ұшақты Сауд Арабиясының солтүстік-батысындағы Табук әуежайына қондырды. Екінші ұшқышты сауд билігі ұстап, кейін БАӘ-ге тапсырды.

Бұған дейін «Курсив» жазғандай, flydubai оқиғадан кейін Дубай мен Израиль арасындағы барлық рейсті уақытша тоқтатты. Әуекомпания тергеу қорытындысы бойынша қосымша ақпарат алған соң ұшуды қайта бастайтынын мәлімдеді.