Түркістан облысында контрабанда, бопсалау, сыбайлас жемқорлық және ақшаны заңсыз шетелге шығарумен байланысты бірнеше қылмыстық схеманың әрекеті тоқтатылды, деп хабарлайды infohub.kz.
Түркістан облысының экономикалық тергеу департаменті жалған кәсіпорындар арқылы шетелге шамамен 200 миллиард теңге заңсыз шығарылғанын анықтады. Осы факт бойынша Қылмыстық кодекстің 235-1-бабының 3-бөлігі ("Валюталық құндылықтарды Қазақстан Республикасынан заңсыз әкету, жіберу және аудару") бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Сонымен қатар, прокуратура Қырғызстаннан темекі өнімдерінің контрабандалық арнасының жолы кесілгенін хабарлады. Тергеу нұсқасы бойынша, темекілер Түркістан облысына заңсыз әкелініп, содан кейін өңірде және Қазақстанның батысында сатылған. Жедел іс-шаралар барысында 103 миллион теңге сомасындағы темекі өнімдері тәркіленді. Тергеу Қылмыстық кодекстің 214-бабы ("Заңсыз кәсіпкерлік") бойынша жүргізілуде.
Тағы бір эпизод – шекара маңында жүк көліктерінің жүргізушілерінен ақша бопсалаған қылмыстық топтың анықталуы. Прокуратура мәліметінше, тергеу барысында заңсыз делдалдық қызметтен түскен қаражаттың бір бөлігі мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларына пара ретінде берілгені анықталды. Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Қылмыстық схемаға қатысы бар 23 адам анықталды. Оның бесеуі қамауда.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда маркаланбаған темекі өнімдерін заңсыз әкелу және сатумен айналысқан трансұлттық топтың әрекеті тоқтатылған болатын. Схемаға қатысушылар есеп айырысу үшін бейресми ақша аудару жүйесі "Хаваланы" пайдаланған.


