Түркістан облысында отбасылық жанжал кезінде әйел күйеуін оқтаумен қатты ұрып, көзінен айыра жаздады. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарап, полиция қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды infohub.kz.

«Криминальный Казахстан» Telegram-арнасының мәліметінше, зардап шеккен кісі полиция шақырған, бірақ оның айтуынша, ешкім келмеген. Кейін ер адамды ауруханаға жеткізіп, онда ол арыз жазған. Зардап шегушінің туыстары мұндай оқиғалар бұрын да болғанын айтып, әйелді жауапкершілікке тартуды талап еткен.

Түркістан облысы полиция департаментінің хабарлауынша, әлеуметтік желіде видео пайда болғаннан кейін тексеру жүргізілген. «Алдын ала анықталғандай, жанжал тұрмыстық сипатта болған. Жәбірленуші тараптардың татуласқанын, шағымы жоқ екенін айтып, сараптамадан өтуден бас тартты», – делінген ДП баспасөз қызметінің мәлімдемесінде. Осыған қарамастан, әйелге қатысты қорғау нұсқамасы шығарылып, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол бермеу туралы профилактикалық әңгіме жүргізілген.

Сонымен қатар, полицейлер Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 108-1-бабының 2-бөлігі «Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» бойынша қылмыстық іс қозғады. «Барлық мән-жайларды анықтауға бағытталған қажетті шаралар жүргізілуде. Тергеу нәтижесі бойынша тиісті шешім қабылданады», – деп атап өтті полициядан.

Департамент өкілдері Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесінде өзге ақпараттың жария етілмейтінін қосымша айтты.