Түркістан облыстық клиникалық ауруханасында бір күнде екі отбасы сәтті трансплантациядан кейін үйлеріне шығарылды. Бір отбасында бауыр доноры ұлы болса, екіншісінде ана өз баласына бүйрегін берді, деп хабарлайды infohub.kz.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өңірде ағза трансплантациясы бойынша екі операция жасалды. Бірінші отбасында 20 жастағы жігіт анасына бауырының бір бөлігін беріп, оған жаңа өмірге жол ашты. Екінші отбасында ана ұлына өз бүйрегінің бірін беріп, оның өмірін екінші рет сыйлады.
Басқарманың дерегінше, екі операция да сәтті өтті. Күрделі бауыр трансплантациясы А.Н. Сызғанов атындағы ҰҒОХ төрағасы, профессор Болатбек Баймахановтың жетекшілігімен жоғары білікті мамандар тобының қатысуымен жасалды.
Қазір науқастар үйлеріне шығарылып, учаскелік дәрігерлердің бақылауында. ДСБ мамандары бұл тәжірибе отандық дәрігерлердің жоғары кәсібилігін ғана емес, сонымен қатар жақындарының өмірін сақтап қалу жолындағы жанқиярлығын көрсететінін атап өтті.
Бұған дейін 172 мыңнан астам қазақстандық eGov арқылы қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа өз көзқарасын ресми түрде білдіргені белгілі болды. Атап айтқанда, 156,1 мың азамат бас тартқанын, ал 16,1 мың қазақстандық келісімін берген.
Одан бұрын Астанадағы UMC орталығының дәрігерлері 60 жастағы науқасқа жүрек трансплантациясын жасағаны хабарланған болатын. Донорлық ағза қайтыс болған адамның туыстары келісім бергеннен кейін бірнеше сағат ішінде жеткізіліп, ауыстырылды.


