UFC чемпиондық атағына бұрынғы үміткер Энтони Смит Небраска штатында үш қылмыстық айып бойынша қамауға алынды. Тергеу мәліметтері бойынша, ол әйелін өлтірумен қорқытып, бірнеше рет көлігімен қағып кетпек болған, дейді infohub.kz.
Прокуратура мәліметтеріне сәйкес, оқиға 26 шілдеде Гретна қаласындағы барда болған. Ерлі-зайыптылар арасында жанжал шыққан: Смит әйеліне өз көлігіне отырып, үйге бірге қайтуды талап еткен. Бас тартқан соң спортшы оны өлтірумен қорқытып, ұстап алып, күшпен көлікке отырғызған.
Сапар кезінде әйел көліктен түсіп үлгерген, бірақ Смит тергеу нұсқасы бойынша қорқыта беріп, қайта отыруды талап еткен. Үйге жеткенде ол тағы да көліктен шығып кеткен. Тергеушілердің айтуынша, спортшы оны бірнеше рет көлігімен басып кетпек болған. Әйел шетке ығысып үлгеріп, дене жарақатын алмаған.
Смитке қатысты қамауға алу ордері 27 шілдеде берілген. Файтер өз еркімен құқық қорғау органдарына келіп, еш оқиғасыз қамауға алынған. Оған бірінші дәрежелі отбасылық зорлық-зомбылық жасауға оқталу, террористік сипаттағы қорқыту және бірінші дәрежелі бостандықтан заңсыз айыру айыптары тағылған.
Алғашқы сот отырысынан кейін 38 жастағы америкалық 500 мың доллар кепілмен босатылды. Сот оған тергеу аяқталғанша әйелімен байланысуға және штаттан шығуға тыйым салды. Келесі отырыс 17 тамызға белгіленген. Смит айыптарға әзірге жария түрде түсініктеме бермеген.
Смит 2025 жылдың сәуірінде қатарынан үш рет жеңіліп, UFC-дегі өнерін аяқтады. 2019 жылы ол жартылай ауыр салмақта чемпиондық белдеуге таласқан, бірақ Джон Джонстан ұтылған.


