Алматыда Bek Air әуекомпаниясының бұрынғы басшысы Нұрлан Жұмасұлтановқа қатысты тергеу жүріп жатыр. Бұл туралы журналист Михаил Козачков өзінің telegram-арнасында хабарлады, деп жазады infohub.kz.

Козачковтың мәліметінше, 9 қыркүйекте сот экс-басшыға үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялаған. Журналистің атап өтуінше, қылмыстық іс 2019 жылғы авиаапатқа қатысы жоқ.

«Осы қылмыстық іспен қатар, Алматы әуежайының аумағында сақталған "Фоккер-100" ұшақтарының қозғалтқыштарының жоғалуына байланысты тағы бір іс тергелді. Ұрлыққа куәгерлер де, бейнежазба да болмаған, бірақ авиаапаттан кейін бір із ашылды. Апатқа ұшыраған "Фоккер-100" ұшағында ұрланған қозғалтқыштардың біреуі тұрған — оны нөмірі бойынша анықтады. Яғни, біреу консервацияланған ұшақтан ауыр агрегатты алып, оны Bek Air-ға тиесілі лайнерге ауыстырып қойған», — делінген автордың жазбасында.

Бас көлік прокуратурасы NUR.KZ тілшісіне іс бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын растады. «Істі ҰҚК орталық аппараты тергеп жатыр, қадағалауды БКП жүзеге асырады. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», — деді ведомствода.