Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Ақтауда Жаңаөзеннің бұрынғы әкімі Жансейіт Қайнарбаевтың және самбо федерациясының бірінші вице-президенті Манарбек Бісекеновтің ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Бұл жөнінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті түсініктеме берді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Kozachkov offside Telegram-арнасының мәліметінше, Ақтауда Жаңаөзеннің бұрынғы әкімі, кейіннен Маңғыстау облысы Қарақия ауданының әкімі болған Жансейіт Қайнарбаев ұсталған. Онымен бірге іс бойынша самбо федерациясының бірінші вице-президенті Манарбек Бісекенов те өтіп жатқаны, ал қылмыстық істің «Адамды адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен ұрлау» бабы бойынша тергеліп жатқаны атап өтілген.

«Әзірге деректер көп емес. Дереккөздің айтуынша, қарсаңында Ақтауда Қайнарбаевтың таныстарының бірімен шиеленісті кездесуі өткен. Бір сәтте бұл ер адам кетуді шешкен, бірақ оны «Лексус 600» көлігінде күштеп ұстап тұрған. Алдын ала деректер бойынша, шенеунікке дәл Бісекенов өз адамдарымен көмектескен. Кейін зардап шегушіні қала сыртына шығаруға әрекет жасалған, алайда жолда сегіз адамнан тұратын топты жергілікті ҰҚК департаментінің қызметкерлері ұстаған. Осыдан кейін Қайнарбаев пен Бісекенов ұсталды», — делінген жазбада.

ҰҚК NUR.KZ тілшісіне сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады. «Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», — деп түсіндірді ведомствода.