Ұлттық музыкалық аспаптар
Қазақтың музыкалық аспаптары — ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан мәдени мұра. Қазақтың музыкалық аспаптарының өзіне тән үні (әуенділігі мен саздылығы), орындаушылық дәстүрі бар.
Музыка аспаптарын жаугершілік заманда халыққа хабар бергенде, аң үркіткенде, әнші-күйшілер ән-күй орындағанда, бақсылар сарнағанда пайдаланып отырған. Мысалы, жау шапқанда елге хабар беру үшін үрмелі аспаптарды (дабыл, дауылпаз, ұран, керней); бақсылар сарнағанда — даңғара, асатаяқ, шаңқобызды; әнші-күйшілер өлең-жыр, терме-ән айтқанда немесе күй шерткенде — домбыра, сыбызғы, сырнай, қылқобыз сияқты шекті аспаптарды пайдаланғап. Музыка аспаптары кептірілген қайың, шырша, емен ағаштарынан, қамыстан, сазбалшықтан, малдың терісі мен сүйегінен, мүйізінен, қылынан жасалған.
Музыка аспаптарына арнаулы қап жасап, қоржынға салып, аттың қанжығасына байлап немесе асынып алып жүруге ыңғайлаған.
Қазақтың музыкалық аспаптары үрмелі (саз, қос, қамыс және мүйіз сырнайлар, сыбызғы, адырна, ұран, керней), ішекті (жетіген, шертер, екі және үш ішекті домбыралар, қобыз), шалып ойнайтын (шаңқобыз), соқпалы (даңғыра, дауылпаз, шыңдауыл, дабыл, асатаяқтың бірнеше түрлері) болып бірнеше топқа бөлінеді.
Шертер — екі немесе үш ішекті, саусақпен шертіп ойнайтын аспап. Шертердің шанағы терімен қапталады. Оны көбінесе мал бағатын бақташылар тартатын болған.
Асатаяқ — сілку арқылы үн шығаратын көне музыкалық аспап. Ұзындығы — 110-130 см. Тұтас ағаштан арнайы қалыпта жасалады. Басы күрек тектес. Бас жағына түрлі темір сақиналардан сылдырмақтар тағылып, өрнектермен әшекейленеді. Асатаяқ өзіндік үнімен ерекшеленеді. Аспапты ырғап, шайқап ойнайды. Асатаяқ аспабын ертеде көбінесе бақсылар қолданған. Қазіргі кезде көне үлгілері қайта жасалып, ұрмалы музыкалық аспаптар тобына қосылды.
Домбыра — қазақ халқының арасына өте ерте және кең тараған, ғасырлар сырын сақтаған қос ішекті, шертіп ойнайтын музыкалық аспаптың бірі. Өзіне тән ерекшелігі бар, ішекті-шертпелі аспаптар тобына жатады. Домбыра әр түрлі үлгіде тұтас ағаштан ойылып немесе құрап жасалады. Мойнына он тоғыздан жиырма екі санына дейін пернелер байланады. Арнайы құлақ күйге келтіріледі.
Домбыраның екі ішектісінен басқа да үш ішекті, қос жақты, кең шанақты, қуыс мойын, шіңкілдек деп аталатын түрлері де бар. Даусы майда, қоңыр, құлаққа жағымды.
Дауылпаз — ұрып ойналатын көне музыкалық аспаптың бірі. Халық тұрмысында кеңінен қолданылған. Әсіресе, бұрынғы кезде, жаугершілікте дабыл қағып, белгі беру үшін пайдаланылған. Аспаптың жасалу құрылысы анағұрлым күрделі. Ол тұтас ағаштан ойылып жасалады. Бет шанағы терімен қапталады. Иыққа асып алу үшін қайыстан арнайы аспалы бау бекітіледі. Дауылпаз ағаш тоқпақпен ұру арқылы дыбысталады. Қазіргі кезде дауылпаз аспабы көптеген фольклорлық ансамбльдерде кеңінен қолданылып жүр.
Дауылпаз тектес аспаптар түрлі атпен басқа халықтарда да кездеседі. Айталық, өзбек халқында «Тәбльбасс», қырғызда «Доолбас» деп аталады.
Жетіген — қазақ халқының өте ерте заманнан келе жатқан жеті ішекті шертпелі музыка аспабы. Аспап ағаштан құрастырылып жасалады. Құрылысы өте қарапайым. Жетіген аспабы талай жүздеген жылдар өтсе де, баяғы қарапайым күйінде. Жетілдірілген түрінде он үш ішек байланып, арнайы тиектер қойылған. Аспаптық үні өте нәзік, құлаққа жағымды. Ел арасында аспаптың шығуы жайында көптеген аңыздар айтылады. Сол бір аңыздың бірінде: өткен заманда өмір сүрген бір қарияның жеті баласынан айырылған қасіретті қайғысынан туындаған деседі. Бізге «жетіген» деген атау осылай жеткен. Қазіргі кезде жетіген аспабы көптеген ансамбльде ойналып, кеңінен насихатталып келеді.
Желбуаз — үрлемелі аспаптар тобына жататын, ерте заманнан келе жатқан, ел көзіне еленбеген көне музыкалық аспаптың бірі. Аспап иленген мал терісінен жасалады. Сырт көрінісі меске ұқсас. Аузын бекітіп тұратын тығыны, әуен шығаратын екі сырнай түтікшесі болады. Мойынға асып алып жүруге ыңғайлап, қайыстан арнайы бау тағылады. Ұстап жүруге өте жеңіл. «Желбуаз» аспабын белгілі композитор Н. Тілендиев «Отырар сазы» оркестрінде қолданды.
Қылқобыз — ерте заманнан келе жатқан қазақ халқының екі ішекті ысқышпен ойналатын аспабының бірі. Өзіндік жасырын сыры мол, адамның еркіне көне қоймайтын, күрделі аспап. Ішегі жылқының қылынан жасалады. Қобыз аспабының екі ішектісімен бірге — үш, төрт ішектілері және «нар қобыз», «жез қобыз» деп аталатын түрлері де бар. Қобызды ағаштан шауып немесе құрап жасайды. Беті жартылай терімен қапталады. Ол дыбыстың жаңғырып шығуы үшін керек. Ерте заманда қобызды тек бақсы-балгерлер ғана ұстаған. Халық аңызында қобыздың пайда болуы Қорқыт ата есімімен тығыз байланысты екені де айтылады.
Шаңқобыз — бітімі бөлек, ойналуы ерекше қазақ халқының көне музыкалық аспабы. Үні құлакка жағымды, адам даусына жақын. Аспапта ойнау ерін мен тістің арасындағы қуысқа тікелей байланысты. Ойнау кезінде орындаушы оң қолымен тілшенің ұшын шалып отырып, шапшаңдата дыбыстайды. Дыбысы тілшені қозғалысқа келтіргенде шығады, Аспапта жеке ән-күй орындап қана қоймай, басқа да көне музыка аспаптарымен бірге халық әуендерін сүйемелдеуге болады. Шаңқобыз аспабының құрылысы қарапайым, жұқа тақтайшадан жасалады.
Қоңырау — қазақ халқының ертеден келе жатқан сылдырмақты музыкалық аспабының бірі. Бұл аспап дыбысы сыңғырлап шығатын металдардан әр түрлі көлемде жасалады. Сырт көрінісі шар тәріздес, іші қуыс, ортасында тілшесі болады. Аспаптың жеті музыкалық дыбыс қатары бар. Ертеде үй тұрмысында, малшылар арасында көп қолданылған. Далада бос жайылып жүрген малдың мойнына қоңырау таққан, өйткені қасқыр металдан шыққан дыбыстан қатты қорқады. Қоңырауды сол сияқты мектепте де қолданады. Бұл аспап арнайы кішкене балғашамен ұру арқылы дыбысталады.