Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовті қабылдады, ол 2026 жылғы қаңтар-шілде аралығындағы ақша-кредит саясатының қорытындылары туралы баяндады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Тимур Сүлейменов мемлекет басшысына экономикадағы ахуал, іскерлік белсенділік, инфляция факторлары және бағаны тұрақтандыру үшін қабылданып жатқан шаралар туралы ақпарат берді. Жылдық инфляция қатарынан оныншы ай бойы төмендеп, шілдеде 10,2 пайызды құрады. Бұған жүргізіліп жатқан ақша-кредит саясаты, теңгенің бағамының нығаюы, тұтыну белсенділігінің тұрақтануы, сондай-ақ Үкімет пен Ұлттық банктің келісілген инфляцияға қарсы шаралар кешені ықпал етіп отыр.
Ұлттық банк төрағасы экономиканы кредиттеу динамикасы туралы да баяндады. 2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша банктердің бизнеске берген несие портфелі жылдық мәнде 17,1 пайызға өсті, ал шағын және орта бизнесті кредиттеу қарқыны 29,6 пайызға дейін жеделдеді. Сонымен қатар тұтыну несиелерінің өсуі жыл басындағы 21,0 пайыздан 13,0 пайызға дейін баяулады, бұл қабылданған пруденциялық шаралардың тиімділігін және тұтыну кредиттеу қарқынының қалыпқа келуін көрсетеді. Осылайша, несие ресурстары бизнесті қаржыландыру пайдасына қайта бөлінуде.
Сонымен қатар, Тимур Сүлейменов валюта нарығындағы ахуал, Ұлттық қор мен БЖЗҚ активтерінің жай-күйі, сондай-ақ елдің алтын-валюта резервтері туралы хабарлады. Ағымдағы жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша Ұлттық қор мен АВР-дың жиынтық көлемі 127,3 млрд долларды құрады. Ұлттық қордың осы жылдың бірінші жартыжылдығындағы инвестициялық кірісі 2,3 млрд долларға жетті. БЖЗҚ зейнетақы активтері 27,8 трлн теңгені құрап, жыл басынан бері 1,7 трлн теңгеге өсті.
Alatau City қаржы экожүйесін дамыту үшін Ұлттық банк капиталдың жылдам және икемді қозғалысына, сондай-ақ қаланың дамуына инвестициялар тартуға бағытталған шараларды әзірледі.
Ұлттық банк төрағасы Президенттің цифрлық қаржы активтері индустриясын және Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы туралы ақпарат ұсынды. Жаңа бағыттардың қатарында – трансшекаралық төлемдер үшін стейблкоиндерді пайдалану, инфрақұрылымды дамыту және токенизацияланған мемлекеттік активтерді шығару. Сондай-ақ төлем нарығының жаңа сегменті – бірінші санаттағы лицензияланатын төлем ұйымдары енгізілді. Бұл бәсекелестіктің дамуын ынталандыруға, клиенттердің шығындарын азайтуға, сондай-ақ халық пен бизнес үшін цифрлық инновациялық сервистердің қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Ұлттық төлем жүйесі аясында 19 шілдеден бастап кез келген банк клиенттері арасында QR-төлемдер мен телефон нөмірі бойынша аударымдар іске қосылды. Іске қосылғаннан бері жүйеде 170 млрд теңгеге 6,5 млн операция өңделді.
Ұлттық банк баға тұрақтылығын қамтамасыз ету және инфляция бойынша орта мерзімді 5 пайыздық мақсатқа қол жеткізу үшін барлық қажетті шараларды қабылдауда. Президент Ұлттық банк қызметі бойынша бірқатар міндет қойып, инфляцияны одан әрі тұрақтандырудың маңыздылығын атап өтті.


