Қазақстандық қарыз алушылардың үштен бірі үшін ай сайынғы 100 мың теңгеден астам төлем әдеттегі сомаға айналды. Мұндай деректерді Ұлттық банктің тапсырысы бойынша FusionLab зерттеу компаниясы жүргізген халықтың инфляциялық күтулері туралы сауалнама көрсетті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Зерттеуге еліміздің барлық өңірінен 18 жасқа толған 1,5 мың тұрғын қатысты.
Алынған деректерге сәйкес, қарызы бар респонденттердің ішіндегі ең көп топ — 33,5%-ы ай сайын несиеге 100 мың теңгеден астам төлейді. Салыстырсақ, маусымда бұл көрсеткіш 37,7% болатын.
Тағы 9,6%-дың төлемі 90 мыңнан 100 мың теңгеге дейінгі аралықта. Аз соманы сирек төлейді: борышкерлердің 7,3%-ы 20 мыңнан 30 мың теңгеге дейін, ал 7,5%-ы 10 мыңнан 20 мың теңгеге дейін береді.
Қазақстандықтардың басым бөлігі алдағы 12 айда жаңа қарыз алуды жоспарламайды. Несие алу немесе бөліп төлеуге сатып алу жоспары туралы сұраққа респонденттердің 64,9%-ы бас тартты. Соңғы айларда азаматтардың қаржылық сақтығы артқан: маусымда жаңа қарыз алуды жоспарламағандар 63,5% еді.
Бір жыл ішінде жаңа несие алуға немесе несиеге сатып алуға дайындар — 21,4%. Маусымда мұндай респонденттер 20,1% болатын. Тағы 13,7%-ы жауап беруге қиналды.
Сонымен қатар сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 69%-ының несиесі бар — бұл бірінші жартыжылдықтың соңымен салыстырғанда 1 пайыздық тармаққа аз. Ең көп тараған қарыз түрі — тауар сатып алуға берілетін тұтынушылық несие, ол қазақстандықтардың 29,6%-ында бар. Одан кейінгі танымал түрі — бөліп төлеу, 22,8%.
Респонденттердің 15%-ға жуығы асығыс қажеттіліктерге — той, емделу немесе саяхатқа несие алған. Маусымда мұндай респонденттер 17% еді. Тағы 12,4%-ы микроқаржы ұйымдарынан (МҚҰ) қарыз алған, ал 11%-ының ипотекасы бар. Соңғылардың үлесі 1,5 пайыздық тармаққа төмендеді.
Автокредит үлесі де біраз қысқарды: қазір ол респонденттердің 8,9%-ында бар, бұрын 9,7% болатын.


