Қазақстан Ұлттық банкінің тапсырысы бойынша жүргізілген сауалнамаға сәйкес, қазақстандықтардың 52,3%-ы соңғы бір жылда материалдық жағдайы өзгермегенін, ал 27%-ы нашарлағанын айтқан. Нәтижелер сәуірде жүргізілген зерттеуге қарағанда оң болып отыр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ұлттық банк FusionLab компаниясы жүргізген шілдедегі халықтың инфляциялық күтулері бойынша сауалнама нәтижелерін ұсынды. Сауалнамаға әртүрлі өңірлерден 1,5 мың қазақстандық қатысты.
Соңғы бір жылда материалдық жағдайыңыз қалай өзгерді деген сұраққа респонденттердің көпшілігі – 52,3% – өзгермегенін айтты. Сәуірде жүргізілген алдыңғы сауалнамада бұл пікірді қазақстандықтардың 48,4%-ы білдірген еді, ал бір жыл бұрын – 49,9%.
Сонымен қатар, сауалнамаға қатысқандардың 27%-ы әл-ауқатының нашарлағанын мәлімдеді. Сәуірмен салыстырғанда кедейленгенін айтқандардың үлесі 7,3 пайыздық тармаққа, ал жылдық көрсеткішпен салыстырғанда 1,4 п.т. төмендеген. Қазақстандықтардың 14,8%-ы бір жыл ішінде материалдық жағдайы жақсарғанын санайды. Сәуірде бұл пікірді 12,1% білдірген.
Қазақстандықтардың болашақтағы материалдық әл-ауқатына қатысты оптимизмі де артқан. 28,8% жақын бір жылда ол жақсарады деп санайды (бұрын 22,6%), ал 16,7% нашарлауды күтеді (бұрын 20,7%). 35,6% әл-ауқаты өзгермейді деп есептейді.
Отбасының айлық табыс деңгейі туралы айта келе, қазақстандықтардың 28,6%-ы ол 150 мыңнан 300 мың теңгеге дейін құрайтынын мәлімдеді. 23,3% отбасы табысы 300 мыңнан асатынын, бірақ 500 мың теңгеге жетпейтінін айтады. 14,1%-дың табысы айына 500 мың теңгеден асады.
Бұған дейін Ұлттық банк сауалнамасы қазақстандықтардың үштен бірі несиелерге 100 мың теңгеден астам жұмсайтынын көрсеткен.


