Finprom компаниясының сарапшылары Қазақстанның ұлттық компанияларының топ-менеджерлеріне төленетін сыйақылар туралы деректерді жариялап, төлем көлемі бойынша көш бастаған ұйымдарды анықтады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Сарапшылардың есебіне сәйкес, қазіргі таңда елде ұлттық басқарушы холдингтер мен ұлттық холдингтерді қоса алғанда, 22 ұлттық компания жұмыс істейді.

2025 жылы барлық ұлттық компаниялардың ішінде атқарушы орган мүшелеріне ең көп жиынтық сыйақыны «Қазатомпром» ұлттық атом компаниясы төледі — 903,3 млн теңге.

Жалпы сыйақы сомасы бойынша одан кейін «Қазақстан темір жолы» — 721,3 млн теңге және «ҚазМұнайГаз» — 519,1 млн теңге тұр.

Атқарушы орган мүшелеріне төлемдер бойынша топ-10 қатарына сондай-ақ мыналар енді: QazaqGaz — 515,2 млн теңге; «Казахтелеком» — 504,1 млн теңге; KEGOC — 496,3 млн теңге; «Байтерек» ҰБХ — 440,4 млн теңге; «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» — 283,3 млн теңге; «Ұлттық ақпараттық технологиялар» («ҰАТ») — 188,4 млн теңге; «Тау-Кен Самұрық» — 170,9 млн теңге.

Сарапшылар әр ұлттық компанияда атқарушы орган мүшелерінің саны әртүрлі екенін нақтылайды. Бір компанияда АҚ мүшесі біреу-ақ болуы мүмкін, енді бірінде — 10-нан астам. Бұл ретте сыйақы мөлшері туралы ақпарат жалпы соманы білдіреді.

«Ақпараты бар ұлттық компаниялардың барлығында дерлік АҚ мүшелерінің сыйақы сомасы өсті. Жиынтық төлемдердің қысқаруы тек төрт компанияда байқалды, олардың қатарында „Казахтелеком“ (минус 130,5 млн теңге), „Қазақстан Ғарыш Сапары“ (минус 69,2 млн теңге), „Қазпошта“ (минус 26,7 млн теңге), Kazakh Tourism (минус 6,2 млн теңге) болды», — делінген хабарламада.

Сыйақы сомасының ең үлкен өсімі нарық көшбасшысы «Қазатомпром» ұлттық атом компаниясында байқалды — бір жылда бірден 226,7 млн теңгеге, яғни 33,5%-ға өсті — айтарлықтай үстеме. Сондай-ақ QazaqGaz (94,5 млн теңгеге, яғни 22,5%-ға) және «ҰАТ» (86,9 млн теңгеге, яғни 85,7%-ға) АҚ мүшелеріне төлемдерді едәуір ұлғайтты.

2025 жылы атқарушы органның бір мүшесіне орта есеппен ең көп төлегендер: «Қазатомпром» — 112,9 млн теңге; KEGOC — 99,3 млн теңге; «Байтерек» ҰБХ — 62,9 млн теңге; «ҚазМұнайГаз» — 57,7 млн теңге; «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» — 56,7 млн теңге.

Әртүрлі ұлттық компаниялар бөлінісінде АҚ бір мүшесіне шаққандағы орташа сыйақы сомасы 7,8 млн-нан 112,9 млн теңгеге дейінгі аралықта өзгеріп, шамамен 15 есеге айырмашылық танытты. Яғни бір компанияда топ-менеджер айына 9 млн теңгеден астам табыс тапса, енді бірінде — 500 мың теңгеден сәл астам. Жалпы алғанда, 22 ұлттық компанияның 13-інде АҚ бір мүшесіне орта есеппен айына 2 млн теңгеден астам сыйақы төленді.