Қазақстанда 3 қарашадан бастап «Ұмай» жеңілдетілген әйелдер ипотекасы бағдарламасына қатысуға өтінім қабылдаудың екінші кезеңі басталады. Оның аясында 50 млн теңгеге дейін тұрғын үй қарызын рәсімдеуге болады. Бұл жолы қарыз беруге 20 млрд теңге бағытталады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
«Ұмай» бағдарламасы тек Қазақстан азаматшаларына арналған. Тіркелген жері бойынша өңірге байланыстыру жоқ, өзге де жылжымайтын мүліктің болуына да шектеу қойылмаған. Бағдарлама операторы — «Отбасы банк».
Қазақстандық әйелдер өтінімді үш тәсілмен бере алады: онлайн — «Отбасы банкінің» сайтындағы бейнеқызмет көрсету сервисі немесе Baspana Market-тегі жеке кабинет арқылы; төлем қабілеттілігіне алдын ала баға жүргізіп, құжаттарды қабылдайтын банк консультанты арқылы; сондай-ақ банк бөлімшесінде.
Өтінім бермес бұрын қаржылық құжаттар мен міндеттемелерді алдын ала тексеру маңызды. Төлем қабілеттілігін бағалау кезінде қарыз алушының табысы ғана емес, шығыстары мен мәмілеге қатысушылардың өзге де міндеттемелері ескеріледі. Атап айтқанда, соңғы алты айдағы ресми табыстың бар-жоғын және БЖЗҚ-ға зейнетақы жарналарының уақтылы түсуін тексеру қажет; мерзімі өткен кредиттер мен салық пен айыппұл бойынша берешектің жоқтығына көз жеткізу; кредиттік бюродан есеп алып, соңғы 12 айдағы кредиттік тарихты тексеру; төлем қабілеттілігін есептеуге әсер етуі мүмкін қолданыстағы кредиттік карталар мен кредиттік лимиттерді ескеру; қажет болса, туыс болмауы да мүмкін екі әлеуетті қарыздасқа дейін алдын ала айқындау; қарыз бен бастапқы жарнаның қажетті сомасын есептеу үшін тұрғын үй бағасын зерделеп, пәтердің қолайлы сипаттамаларын анықтау.
«Ұмай» ипотекасы бойынша кредиттеу шарттары өзгеріссіз қалды: пайыздық мөлшерлеме — жылдық 14,8%; жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) — 16,3–16,8%; мерзімі — 25 жылға дейін; қарыздың ең жоғары сомасы — 50 млн теңге; отбасының ең жоғары орташа айлық таза табысы — 1,25 млн теңге; соңғы алты айдағы ресми табыс талап етіледі.
Бастапқы жарна тұрғын үйдің орналасқан жеріне байланысты. Астана мен Алматыда ол кемінде 20%, өзге өңірлерде — 15%-дан басталады. Бұл ретте кредит сомасы екі шаманың кішісіне қарай есептеледі: сатып алу бағасы немесе жылжымайтын мүліктің бағалау құны. Мысалы, Алматыдағы пәтер 30 млн теңге тұрса, бірақ бағалаушы оның құнын 29 млн теңге деп анықтаса, қарыздың ең жоғары мөлшері 23,2 млн теңге болады. Қалғанын сатып алушы өзі төлеуі тиіс.
Бағдарламаға қатысушылар дайын бастапқы тұрғын үйді — тек «Баспана маркет» банк маркетплейсінде (otbasybank.kz); құрылыс сатысындағы тұрғын үйді — ТКК кепілдігімен немесе сақтандыру құралын пайдалану арқылы; қайталама тұрғын үйді — 2016 жылдан кейін салынған болса сатып ала алады.
Маңызды: пәтер әйелдің атына рәсімделеді. Егер сатып алушы некеде тұрса, жылжымайтын мүлік жұбайлардың ортақ мүлкіне айналады. Өтінім беру кезінде жұбайының жеке қатысуы қажет.
Бағдарламаның бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша 420 әйел баспаналы болды, тағы 230-ы пәтер іріктеп, қарызды рәсімдеуге дайындалып жатыр. Қазіргі таңда 9 млрд теңге игерілді. Жалпы «Ұмай» және «Жасыл ипотека» бағдарламалары аясында 90 млрд теңге қарастырылған.


